Жаңатастықтар жел энергиясын игілікке айналдырады

0

Сарысу ауданында биыл бағдарын айқындаған теңдессіз жобаның бірі – жел электр стансасы. Жаңатас қаласының маңында салынып жатқан стансаның қуаттылығы 100 мегаватт. Ал жыл сайын 350 миллион киловатт электр энергиясы өндіріледі деп күтіліп отыр. Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің бірлескен жобасының бүгінде бірінші кезеңі аяқталған. Жел электр стансасы жобасының басты құрылтайшыларының бірі – «China Power International Holding Limited» компаниясы. Оның сенімді серіктесі – «Visor Kazakhstan». Жобаның жалпы құны 130 миллион АҚШ доллары. Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватт болатын 40 жел энергетикалық блок пен электр жабдықтарын, сондай-ақ бір станса торабы мен көпфункционалды орталық салу жоспарланған. Қазіргі таңда 21 жел энергетикалық блогы қойылыпты. Қалғаны келер жылдың ортасына дейін орнатылып бітеді дейді мамандар.

Құрылыс кезінде 100-ге жуық адам жұмысқа тартылса, қазір серіктестікте 15 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында Қытай азаматтары да бар. Бүгінде алғашқы блоктар электр қуатын өндіре бастағанын айта кеткен жөн.

– Электр энергиясы «KEGOC» компаниясына жіберілгеннен кейін олар оны одан әрі өздері реттейді. Алайда алдын ала болжам бойынша Жаңатас жел электр стансасы Сарысу ауданын ғана емес, бірнеше елді мекенді жарықпен қамти алады. Айта кетейік бұл Орта Азиядағы ең алып жоба. Құрылғылар толықтай Қытай Халық Республикасынан әкелінуде. Алайда әлемдік пандемия кезінде өзіндік қиындықтар туып, бірқатар мамандарымыздың қашықтан жұмыс істеуіне тура келді. Десе де бұл қиындық жобаны 2021 жылдың маусым айында толықтай аяқтауға еш кедергі келтірмейді, – дейді «Жаңатас жел электр станциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің менеджері Наурызбек Жұмағазин.

Жалпы жоба оңтүстік Қазақстандағы электр энергиясы тапшылығын жойып қана қоймай, тау-кен өндіруші кәсіпорындардың да жұмысының тиімділігін арттырмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.