Өңірдегі теңдесі жоқ медициналық мекеме

0

1986 жылдан бері жаңарту көрмеген аудандық орталық аурухананың инфекциялық аурулар емделетін бөлімшесі бүгінде барлық стандарттарға сай жабдықталыпты. Бұл нысан емделетін науқастарға қарай ыңғайластырылып жаңартылған. Яғни, әрбір науқас ауруханаға кіреберіс есіктен емес, өзінің бөлмесіне жасалған қосымша есік арқылы кіргізілетін болады. Ал әр бөлмеде жуынуға және ас ішуге арналған орындар арнайы әзірленген. Тіпті, науқастарға тамақ та стандартқа сай дайындалған терезе арқылы беріледі. Бір сөзбен айтқанда мұнда сақтық шаралары барынша күшейтілген. Негізі ескі нысан болғанымен биыл барынша замануи үлгіде жаңартылды. Қазіргі таңда онда 50 адамға жатын орын дайындалған.

Инфекциялық жұқпалы аурулар ауруханасы Жамбыл облысындағы теңдесі жоқ инфекциялық аурулармен күресуге және оларды емдеуге ыңғайластырып салынған медициналық мекеме екенін айта кеткен жөн. Әр аурудың жатын бөлмесіне жеке-жеке жасанды өкпе желдеткіш аппараты қосылған.

Құрылысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталған нысанның жөндеу жұмыстары бүгінде 95 пайызға аяқталған. Мердігер «Райша-3» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазынадан қаралған 308 миллион теңгені толықтай игеріп ғана қоймай, өз есебінен де қосымша жұмыстар жасап беруде. Мәселен, жоба бойынша серіктестік тек ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізуге жауапты болғанымен компания сыртын да жаңартып, ауласын абаттандырып берген.

– Құрылысқа тартылған  54 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы алынды. Оларға қазіргі таңда 85 мың теңгеден тұрақты айлық жалақы төленуде. Нысан желтоқсан айында пайдалануға беріледі, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Бағила Бегманова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.