180 отбасы тұрғын үймен  қамтылады

0

«Баспана – бақыт шамы» дейді. Үйі жоқтың, күйі болмайтындығы да белгілі. Осыны жіті түсінген сарысулықтар халықты тұрғын үймен қамту бағытына жіті көңіл бөлуде. 

Ағымдағы жылы тұрғын үй кезегіне тұруға 422 өтініш беріліп, қаралған. Оның ішінде 279  өтініш қанағаттандырылып, «тұрғын үйге мұқтаж»  деп танылған азаматтар тіркеуге алынып отыр.

2019 жылдың 1 желтоқсанынан 2020 жылдың 1 сәуірі аралығында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға түгендеу жүргізіліп, нәтижесінде тұрғылықты жерін ауыстыруына, тұрғын үй сатып алуына, қайтыс болуына байланысты және тағы басқа себептермен 523 азамат тіркеуден шығарылған.

Жаңатас қаласындағы коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде 1713 азамат тізімде тұр. Оның ішінде 9 азамат жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатында, 202 азамат көп балалы отбасы санатында, 948 азамат әлеуметтік жағынан әлсіз топтағылар санатында, 552 азамат бюджеттік мекеме қызметкерлері санатында және  2 азамат жалғыз үйі апатты жағдайда санатында.

Қазіргі кезде, Жаңатас қаласы 2 шағын ауданда орналасқан №24 және №26 көппәтерлі тұрғын үйлерді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Көп қабатты тұрғын үй желтоқсан айында тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға пайдалануға берілмек.  Аталған 2 үйді қайта қалпына келтірудің нәтижесінде 180 отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.