Аудан дамуында өсім бар

0

Сарысу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында әлемдік пандемияға қарамастан өсім байқалды. Мәселен қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіп кәсіпорындары 18 миллиард 319 миллион теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексі 101 пайызды құрады.
Құрылыс саласындағы жұмыстардың көлемі 5 миллиард 685 миллион теңгеге орындалса, жалпы алаңы 8 мың 853 шаршы метр болатын 134 жеке тұрғын үй пайлануға берілді.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 16 миллиард 289 миллион теңгеге жетсе, бөлшек саудадағы тауар айналымы 1 миллиард 162 миллион теңгені құрады.
Аудан бойынша 3245 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелсе, есепті кезеңде шағын және орта бизнеспен айналысушылар саны 593 бірлікке артты.
Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлікті несиелендіру жүйелі жүргізіліп келеді. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 5 кәсіпкер екінші деңгейлі банктер арқылы 51,7 миллион теңге несие алуға құжат тапсырса, бүгінге 18,2 миллион теңгенің 2 жобасы мақұлданды. 3 жоба қаралып жатыр.
«Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша 35 миллион теңге несие алуға 3 жобаның құжаттары ұсынылса, қазір 2 жоба мақұлданып, шешімін күтіп отыр.
Өңірлік «Береке 3» бағдарламасына да 2 жоба жолданып, кәсіпкерлер 10 миллион теңге көлеміндегі қаржыға қол жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.