Жаңатастың өркенін жаңа өндіріс орындары өсіреді

0

Сарысу ауданында 2021-2023 жылдары жылдық қуаттылығы 400 мың тоннаны құрайтын кальцийлендірілген сода өндіру зауытының құрылысы қолға алынбақ. Жобаны Түркияның «Yildirim Holding Kazakhstan» компаниясы ұсынған. Оның жалпы құны 325 миллион АҚШ долларын құрайды. Қазіргі кезде компания әктас өндіруге лицензия алған. Енді тас тұзын өндіруге құқық беретін лицензия алу жұмыстарымен жүр. Жоба толық іске қосылған кезде 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Бұдан бөлек «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «ЕвроХим» минералды-химиялық компаниясының өндіріс орындарын жарылғыш заттармен қамтамасыз ететін «Интеррин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарылғыш заттарын шығару зауытының құрылысы басталды. Жобаның құны 765 миллион 600 мың теңгеге бағаланып отыр. Жылдық қуаттылығы 8 мың тоннаға тең. Қазіргі уақытта өндіріске қажетті қоймалар мен контейнерлері қойылып, құрылыс қарқын алуда.
Сонымен қатар 2022-2023 жылдары Жаңатас қаласында жобалық құны 4,7 миллиард теңгені құрайтын «KazChemTrading» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің цемент өнімін өндіру зауытының құрылысын жүргізу жоспарда бар. Жылына 400 мың тонна әктас және сунгулит өндіретін кәсіпорынға былтыр аукцион арқылы Жаңатас қаласының босалқы жерінен 6 гектар жер телімі берілген. Бүгінгі таңда дайындық және жобалау жұмыстары пысықталып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып жатыр. Нысандарды салу үшін мердігер анықталып, қаржыландыру туралы келісімге қол жеткізілді. Жоба толық іске қосылған кезде 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.