«Ынталы» су қоймасындағы ілкімді тірлік

0

Ауданда «Ынталы» су қоймасынан бастап Сарыөзек және Кәрітоған арықтарының да лотоктары жаңартылуда. Жаңаталап, Байқадам және Игілік ауылдарына ағын су беретін қойманың сыйымдылығы 30 миллион текше метр.
– Осы таңға дейін халыққа 21 миллион текше метр су берілді. Алайда лотоктардың ескіруінен жарты су жолда жерге сіңіп, халық жанайқайын білдіріп жүрді. Енді міне биыл қоймаға жақын 628 метр лоток жаңартылуда. Одан бөлек «Сарыөзек» каналына дейін тағы 250 метр жердегі лоток ауыстырылады. Бұл жұмыстарға 41 миллион 485 мың теңге бөлінген.
Бұйыртса мердігер өзіне жүктелген міндетті толықтай орындап шыққаннан кейін халыққа ағын суды молынан беретін боламыз, – дейді «Ынталы» су қоймасының қызмет басшысы Әлкей Болатұлы.
Негізі «Ынталы» су қоймасы 1975 жылы пайдалануға берілген. Содан бері қойманың қондырғылары ескіріп, күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Осыған орай биыл 589 миллион теңгеге қойма қондырғыларын жаңартуға жобалық смета жасалған екен. Алайда ол қаржы қашан берілетіндігі белгісіз. Егер бұл сома бөлінетін болса, онда қойманың қондырғыларын автоматтандырып, жарықтандыруға да мүмкіндік туады. Ал негізгі су Қаратау тауларынан келетінін ескерсек, қоймаға 30 емес 37 миллион текше метр су сыйдыруға болады. Тек жаңартуға берілген өтінім мақұлданып, дер кезінде қаржы бөлінсе болғаны.

Leave A Reply

Your email address will not be published.