Жайылмалықтардың ұйымшылдығы көпке үлгі

0

Диқандар үшін тіршілік көзі ағын су десек, бүгінде Сарысу ауданында бұл бағытта жарқын жобалар жандануда. Мәселен Жайылма ауылдық округіне қарасты Маятас ауылындағы «Бүркітті» су каналындағы лотоктарды жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
– Жайылма ауылдық округінде 3870 адам тұрып жатса, Маятас ауылында 74 түтін түтеп тұр. Жергілікті жердің тұрғындарының негізгі тіршілік көзі мал мен егін шаруашылығы болғандықтан, ағын су халыққа ауадай қажет. Мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары қараша айында бітеді деп жоспарланған. Қазіргі таңда 260 лотоктың 70-і ауыстырылып болды. Енді қалғанын мердігер жоспарлы мерзімде бітіруге күш салып жатыр.
Жалпы жобаны «Бекнұр Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 41 миллион теңгеге жеңіп алған. 50 жылдан бері жаңарту көрмеген лоток болғандықтан онымен аққан су жарым жолда жоғалып, егістікке жетпей қалатын. Енді міне, құрылыс жұмыстары толықтай аяқталғанда бұқара ағын судың рахатын көргелі отыр.
Маятастағы халықтың дені жоңышқа және жүгері егумен айналысады. Сондықтан елге ең бірінші ағын су қажет. Бұл ретте арнайы қаржы бөліп, лотоктарды жаңартуды қолға алған билікке деген тұрғындардың алғысы шексіз, – дейді Жайылма ауылдық округінің әкімі Жандарбек Смағұлов.
Негізі жайылмалықтардың ұйымшылдығы талайды тәнті қылады. Себебі осы округте толық емес отбасыға арналып асарлатып салынып жатқан үйдің кілті бүгін-ертең тапсырылғалы отыр. Одан бөлек әлемдік пандемия кезінде де ауылдан шыққан қалталы азаматтар халыққа барынша қолдау білдірген. Мәселен карантин кезінде демеушілер есебінен 400 қап ұн таратылса, сондай-ақ 60 әлеуметтік пакет үлестірілген. Сонымен қатар Құрбан Айтта 23 қой мен 1 өгіз құрбандыққа шалынып, еті шикідей мұқтаж жандарға үлестірілген. Ал алдағы қыс айының қарсаңында ауыл азаматтары бірігіп, ардагерлердің үйіне қатты отын түсіріпті. Міне осылайша жайылмалықтар бірлік пен татулықты ту етіп, талайға үлгі болуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.