Байқадамдықтардың жұмысы жүйелі

0

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы Сарысу ауданында баянды бағдарын табуда. Жобаға енген Байқадам ауылдық округінде барлық бағыттар бойынша ілкімді істер атқарылуда. Округте 6006 адам тұрып жатса, тұрғындарға 915 миллион 571 мың теңге несие берілген.
Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағыты бойынша байқадамдықтар 118 гектар жерді игерген. Оның 72 гектарына қызанақ пен қияр егілсе, қалғанына басқа бақша дақылдары отырғызылыпты. Ал округтің екі азаматы үй іргесіндегі жерге жылыжай тұрғызу үшін 21 миллион 200 мың теңге несие алған. Нәтижесінде 2 айда жылыжайлардан 4,2 тонна қияр жиналып, шаруа 840 мың теңге табыс көрген. Ал келер жылдың ақпан айында ауыл азаматтары 60 түп лимон ағашын егуді жоспарлап отыр. 1 түптен келешекте 15 келі лимон жиналатын көрінеді.
Екінші бағытқа келсек, округ бойынша мал сатып алуға 300 өтінім түсіп, 778 миллион 311 мың теңге несие берілген. Аталған қаржыға 912 мүйізді ірі қара сатып алынса, 115 бұқа бордақыланған. 797 сиырдан 398 бұзау, 747 жылқыдан 373 құлын, 2235 уақ малдан 1117 төл алынған. Жалпы бордақыланған мал етінен 28 миллион 800 мың теңге табыс түссе, 410 сауын сиырдан 196,8 тонна сүт жиналған. Сүттің литрі 100 теңгеден сатылып, 29 миллион 520 мың теңге табыс келіп отыр.
Үшінші бағыт ауыл сыртындағы жерді тиімді пайдалануда «Саудакент-2019» кооперативіне 300 гектар тәлімі егістік, 2793 гектар шабындық және 3811 гектар жайылым жер берілген. Нәтижесінде 950 гектар жерге егіс егілсе, шаруалар мал азығына қажетті мол өнім жинап алған.
Төртінші бағыт кооператив жұмысын оңтайландыру үшін 87 миллион 380 мың теңге несие беріліп, лизинг арқылы 20 ауыл шаруашылығы техникасы мен қондырғы сатып алынған.
Бесінші бағыт аясында да тетігін тапқан тірлік баршылық. Мәселен бір тұрғын 9 миллион 80 мың теңгеге наубайхана ашса, тағы 303 тұрғынның өтініші мақұлданып, несие берілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.