Инфекциялық аурухана күрделі жөндеуден өтті

0

Сарысу ауданындағы тағы бір жағымды жаңалық – биыл инфекциялық аурухана толықтай күрделі жөндеуден өтуде. 1986 жылдан бері жаңарту көрмеген нысан бүгінде барлық стандарттарға сай жасақталуда.
– Құрылыс жұмыстарын осы жылдың мамыр айында бастадық. Қазіргі таңда 95 пайызға аяқтап отырмыз. Мердігер «Райша-3» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазынадан қаралған 308 миллион теңгені толықтай игеріп ғана қоймай, өз есебінен де қосымша жұмыстар жасап беруде. Мәселен жоба бойынша серіктестік тек ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізуге жауапты болғанымен біз сыртын да жаңартып, ауласын абаттандырып беріп жатырмыз.
Құрылыс кезінде 54 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы тартылды. Оларға 85 мың теңгеден тұрақты айлық жалақы төледік. Енді міне жаңарған нысанды желтоқсан айында пайдалануға бермекпіз, – дейді құрылыс басшысы Жансерік Жұмабеков.
Жалпы инфекциялық аурухана емделетін науқастарға қарай ыңғайластырылып жаңартылыпты. Яғни әрбір науқас ауруханаға кіреберіс есіктен емес, өзінің бөлмесіне жасалған қосымша есік арқылы кіргізілетін болады. Ал әр бөлмеде жуынуға және ас ішуге арналған орындар арнайы әзірленген. Тіпті науқастарға тамақ та стандартқа сай дайындалған терезе арқылы беріледі. Бір сөзбен айтқанда мұнда сақтық шаралары барынша күшейтілген.
– Негізі ескі нысан болғанымен биыл барынша замануи үлгіде жаңартылды. Қазір онда біз 50 адамға жатын орын дайындап жатырмыз. Коронавирус пандемиясының алғашқы толқыны қай ауданға болмасын қиын соқты. Сол себепті біз болжамды екінші толқынға сақадай сай дайын отырмыз. Оның ең бастысы дәрі-дәрмек қорын әзірлеп, инфекциялық ауруханамыз да бүгін-ертең пайдалануға берілгелі отыр. Осы аптада ауданнан симптомсыз коронавирус жұқтырған бір азамат анықталды. Сол себепті біз барынша сақтық шараларын күшейтіп жатырымыз, – дейді Сарысу аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Әлия Қырғызбаева.
Қазіргідей қиын жағдайда әр ауданға мұндай инфекциялық аурухана қажет екені даусыз. Бұл тұрғыда сарысулықтардың күні бұрын қам жасап жатқандығы қуантады. Десе де аталған емдеу мекемесіне түсетін науқастар саны аз болсын деп тілейміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.