Орта Азиядағы алып жоба

0

Сарысу ауданында биыл бағдарын айқындаған теңдессіз жобаның бірі – жел электр стансасы. Жаңатас қаласының маңында салынып жатқан стансаның қуаттылығы 100 мегаватт. Ал жыл сайын 350 миллион киловатт электр энергиясы өндіріледі деп күтіліп отыр. Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің бірлескен жобасының бүгінде бірінші кезеңі аяқталған.
– Жел электр стансасы жобасының басты құрылтайшыларының бірі – «China Power International Holding Limited» компаниясы. Оның сенімді серіктесі – «Visor Kazakhstan». Жобаның жалпы құны 130 миллион АҚШ доллары. Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватт болатын 40 жел энергетикалық блок пен электр жабдықтарын, сондай-ақ бір станса торабы мен көпфункционалды орталық салу жоспарлануда. Қазіргі таңда 20 жел энергетикалық блогы қойылды. Қалғаны келер жылдың ортасына дейін орнатылып бітеді.
Құрылыс кезінде 100-ге жуық адам жұмысқа тартылса, қазір серіктестікте 15 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында Қытай азаматтары да бар.
Бүгінде алғашқы блоктар электр қуатын өндіре бастады. Электр энергиясы «KEGOC» компаниясына жіберілгеннен кейін олар оны одан әрі өздері реттейді. Алайда алдын ала болжам бойынша Жаңатас жел электр стансасы Сарысу ауданын ғана емес, бірнеше елді мекенді жарықпен қамти алады.
Айта кетейік бұл Орта Азиядағы ең алып жоба. Құрылғылар толықтай Қытай Халық Республикасынан әкелінуде. Алайда әлемдік пандемия кезінде өзіндік қиындықтар туып, бірқатар мамандарымыздың қашықтан жұмыс істеуіне тура келді. Десе де бұл қиындық жобаны 2021 жылдың маусым айында толықтай аяқтауға еш кедергі келтірмейді, – дейді «Жаңатас жел электр станциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас маманы Ілияс Шәріпұлы.
Жалпы жоба оңтүстік Қазақстандағы электр энергиясы тапшылығын жойып қана қоймай, тау-кен өндіруші кәсіпорындардың да жұмысының тиімділігін арттырады.
Жаңатас жел электр стансасы заманауи жел электр стансасының жұмысын жүйелеумен қатар тұрғындарға да қол ұшын созып келеді. Мәселен өткен жылы шетелдік компания орталық ауруханаға жедел жәрдем көлігін тарту еткен. Ал биыл елді мекендегі көмекке мұқтаж 4 отбасының баспанасын күрделі жөндеуден өткізіп берген. Одан бөлек мүмкіндігі шектеулі 5 азаматтың да пәтерін қысқа дайындап, жаңартып беруді компания жауапкершілігіне алған. Сонымен қатар әлемдік пандемия кезінде аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттерін таратып, халықтың алғысына бөленіп отыр. Бұл аз десеңіз компания Ата Заңымыздың 25 жылдығы мерекесі қарсаңында Жаңатас қаласының орталығындағы «Ынтымақ» аллеясын ұлғайтып, бұл бағыттағы жұмысқа 19 миллион теңге жұмсаған.
Міне өлкенің өндірісін өрістетіп қана қоймай ауданның ажарын ашуға аянбай тер төгіп жатқан «China Power International Holding Limited» компаниясына бұқара дән риза. Енді келер жылы жел электр стансасы жобасының екінші кезеңі аяқталса, Сарысу ауданы жарық өндірісі саласындағы алпауыттардың біріне айналмақ. Себебі мамандардың айтуынша Қордай ауданында салынып жатқан жел электр стансасының қуаттылығы Сарысудағы жобадан екі есе аз екен. Сондықтан Сарысудағы жобаның келешегі кемел, болашағы баянды болатындығына бек сенімдіміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.