Мерекелік кеш өткізді

0

Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай «Асар» мүгедек жастар қоғамдық бірлестігінде «Жан жылуы» атты мерекелік кеш өткізді. Карантинге байланысты қиын жағдайды ескере отырып, іс-шара қауіпсіздік шаралары мен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып өткізілді.

Қазіргі қоғамымыздағы өзекті мәселелердің бірі – мүгедектік. Мүгедектік ол тек қана бір ғана адамның проблемасы емес, ол барша халықты, қоғамды алаңдататын мәселе. ДДСҰ анықтамасы бойынша халықтың он пайызы жас мүгедек балалар мен орта буындағы мүгедектер екені айқын.

Адамгершілікті адам бойындағы  басты қағидалардын бірі екендігін әрқашан алға тартатын мекеме қызметкерлері, бүгінгі күні оңалту орталығына арнайы ат басын бұрып шат — шадман көңіл — күй сыйлады. Расында риясыз жақсылық жасау адамгершіліктің белгісі.

Мерекелік кеш «Асар» мүгедек жастар қоғамдық бірлестігі алаңшасында өткізілді. Іс – шараға 20 — ға жуық орталық қызмет алушылары қатысты.

Аталмыш іс – шараға Тараз қаласының беделді, бетке ұстар өнерлі ұл- қыздары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Солардың бірі де бірегейі «Таразым» деп талғампаз тыңдарманды тамсандырған Ақтөре Асқар болса, енді бірі қазақтың қара домбырасының құлағында ойнайтын облысымызға белгілі айтыскер ақын Медеу Мырзатай сыңды өнер иелері көрермендердің көзайымына айналды.

  Кеш жүргізушісі  «Жайдарман» ойындарының үздік ойыншыларының бірі Спабек  Еркебұлан жиылған көпшілікке сан — түрлі ойындар ойнатып, бойларындағы  таланттарын көрсете білуге мүмкіндік туғызды.  Ұйымдастырушылар «Қамқор» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып қызмет алушыларға арнайы дайындалған сыйлықтар ұсынды.

Өмір қанша қатал болса да, қиыншылығына мойымай өмір сүруге деген сүйіспеншіліктері ерекше, әрқашан алға қарай ұмтылатын  жандар екендіктеріне куә болдық.

Қызмет алушылар кіршіксіз таза көңілдерімен, шын жүректен ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жиі келіп тұруларына ұсыныс жасап қимастықпен қонақтарды шығарып салды.

Камал Тұрлыхан,

Тараз қалалық «Жастар ресурстық

орталығының» ұйымдастыру

секторы меңгерушісінің м.а

Leave A Reply

Your email address will not be published.