Қазіргі жастар және дін

0

Тәуелсіз еліміздің кішкене ғана ғұмырында дін саласы көп өзгерістерге еніп келеді. Жастардың діни сауаттылы-ғы – қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Жастардың рухани санасын оятуда діннің алар орны ерекше. Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелдену құбылысы жүзеге асады. Жастардың рухани және діни сауатты болуы – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Көп нәрсе білімсіздіктен туатыны даусыз. Қазіргі қоғам жастардың діни сауаттылығының төмен дәрежеде сипатталуымен қатар, діннің атын жамылған саяси миссионерлік секталар мен топтар діни сауаты аз азаматтарымызды өз қармақтарына түсіріп, тіпті өздеріне белсенді жақтасқа айналдырып, өзімізге қарсы қойып үлгерді. Енді өз отандасымызбен, отбасымыздың мүшесімен, ағайынымызбен тартысқа түсетін халге жеттік. Алайда бұл ағымдағылар өздерін шынайы діндар және ақиқат жолындағылар ретінде санайтындықтан, олардың қатары әлі де болса көбею үстінде. Радикалды діни топтар жастарды арбағанда «исламды жаю үшін жиһад жасау керек» деген уағыз айтады. Мұндай жолдарға, керітартпа ағымдарға кетпеудің ең әуелгі жолы – діни сауаттылықты арттыру.

Қазақстандағы дәстүрлі емес діни ұйымдардың және тоталитарлық секталардың көбеюі мен оның қатарына жастардың жалпы халықтың көптеп тартылуы көпұлтты мемлекетіміздің ұлтаралық татулық пен тұрақтылығына зардабын тигізуі мүмкін. Және ұлтаралық радикализммен шиеленісті тудыратын қосымша күш болып табылады. Ислам дінінде ешқандай кемшілік жоқ. Бар мәселе – біздің оны дұрыс түсінбеуімізде. Ислам әлемінің өз кемеліне келмей, көштен қалып, тоқырауы дінге байланысты емес, оның себебі азған ақыл, зейінсіз жүрек, түйсіксіз түсініктің салдарынан және дін мен түйінді мәселелері көп қазіргі өміріміздің өзара үйлесімін терең түсіне алмауда. Қазіргі қоғамда жастардың діни сауаттылығын арттыруда материалдық игіліктермен шектемей, керісінше, рухани құндылықтармен де байытып отырғанымыз жөн. Рухани құндылықтарды орындауды өзіңе міндет етіп қойған адам алдымен негізгі құндылықтарды мұқтаждығымен қанағаттандырады. Рухани құндылықтарды жоғары құндылық ретінде қабылдағанымен, негізгі құндылықтардан асып шыға алмағандықтан, оларды жүзеге асыра алмайды. Қазіргі қоғамымызда жастардың діни сауаттылығын дінге жаңадан бет бұрған жастарымыздан көруге болады. Біздің мемлекетіміз зайырлы дін болғанымен, енді дінімізге кең еркіндік беріп жатыр. Жастарымыз шет мемлекеттерге шығып діни ілім алып, елге келіп, белді қызмет орындарында лауазымды қызметтер атқарып жатыр. Біз өмір сүріп жатқан күрделі әрі қарама-қайшылықтарға толы бұл ғасыр өткен ғасырлардан мүлдем ерекше.

Негізінде ислам дінін қоғам тынысынан оқшау қалдыруға болмайды. Жастар рухани әрі саяси сауатты болса, қоғам жаңарады әрі өркендейді.

Абзал ЕСІРКЕПОВ,

«Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» КММ

«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.