Байқаудағы үкілі үмітіміз – Қарабастау ауылы

0

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы жарияланғаны баршамызға белгілі. Аталған байқауда ауыл экономикасының өсуі, тұрғындардың ынтымақ-бірлігі, жас ұрпақтың заманға сай білім алуы, бұқаралық спорттың дамуы, тәртібі, мәдениеті, ауылдың тазалығы, жұмыссыздықтың азаюы, ақсақалдар мен аға буынның ауылды дамытудағы белсенділігі, азаматтардың зиянды әдеттерден аулақ болуы, оның ішінде, алкогольды ішімдіктерден, темекі мен есірткі тартудан бас тартуы, жалпылай айтқанда, ауыл тұрғындары өздер тұратын ауылды дамытумен қатар бос уақыттарын тиімді пайдалану мәселелері жіті назарға алынатын болады.
Айта кету керек, «Үлгілі ауыл» облыстық байқауына аудандардан барлығы 13 ауыл қатысып, бақ сынамақ. Бұл байқаудың қорытындысы шығатын күн де алыс емес. Байқауға қатысатын ауылдарға баға беретін арнайы жұмысшы тобы да құрылған. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Еркінбек Солтыбаев жетекшілік ететін жұмысшы топ күні кеше Жуалы ауданынан байқауға қатысып жатқан Қарабастау ауылына келіп, мұндағы атқарылған жұмыстарды зерделеді.
Ауданымыздың сәні мен салтанаты үйлесіп, заманға сай даму жолына түскен үлгілі ауылымыздың бірі, Билікөл ауылдық округінің орталығы Қарабастау ауылы. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, бұл қасиетті ауылдан елге, Жамбыл өңіріне белгілі азаматтар көптеп шыққан. Қазіргі таңда Қазақстанның Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Аягүл Миразова, әділет генералы Ғабит Миразов біздің мақтанышымыз. Сонымен қатар, ел дамуы жолында басқа да салаларда тер төгіп жүрген азаматтардың қатары көп.
Тәрбиелік-идеологиялық топ ауылдағы Бәйдібек және Жамбыл көшелірінің бойындағы сыртқы көрнекі ақпарат құралдарымен, тазалық жұмыстарын, сонымен қатар, орталық саябақ, «Мірәз ата» мешіті, «Қолбасшы Қойгелді» ескерткіші және жаңадан салынған сахнамен, тағы басқа нысандардың жұмысымен танысты. Ал әлеуметтік салаларды дамыту тобы №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің және «Билікөл» бөбекжай-балабақшасының жұмысының тиімділігіне назар аударды. Сондай-ақ, экономикалық көрсеткіштерді және инфрақұрылымды, ауыл шаруашылығын және кәсіпкерлікті дамыту топтары да тиісінше, өздеріне бекітіліп берілген нысандардың жұмысына зерделеу жүргізген болатын.
Облыстық жұмысшы тобының мүшелері төрт топқа бөлініп, ауыл тіршілігіне талдау жүргізіп болған соң Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаевтың төрағалығымен ауылдық мәдениет үйінде қорытынды жиын өтті.
Онда алғаш болып Билікөл ауылдық округінің әкімі Т.Әмірәлиев округтің орталығы Қарабастау ауылында атқарылған жұмыстары баяндады. Округ әкімі Талғат Әмірәлиевтің айтуынша, Қарабастау ауылының 944 тұрғыны бар. Оның ішінде, 296 жас, 102 зейнеткер және 460 экономикалық белсенді тұрғын бар. Аула саны – 194 үй. Ауылда бірлігі мен ынтымағы жарасқан орыс, татар, шешен, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, балғар ұлттарының өкілдері мекен етеді.
Ауылда бір орта білім беру мектебі, онда оқушы саны – 219, орын саны – 400, 200 орындық мәдениет үйі, ауылдық кітапхана және дәрігерлік амбулатория, бөбекжай-балабақша, сондай-ақ, халыққа қызмет көрсетудің 18 түрін іске асыратын цифрландырылған орталық пен почта байланыс бөлімшесі халыққа қызмет көрсетуде.
Рухани және тәрбиелік мазмұндағы құндылықтарды үлгі ету мақсатында 23 көрнекі ақпарат құралдары ілініп, түрлі форматта 54 іс-шара өткен. Оның ішінде, ұлттық дәстүрлерді жаңғырту мақсатында – 13, рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында – 11, ажырасу деңгейін төмендету мақсатында – 6, спорттық шаралары – 10, тиісінше, қайырымдылық шара саны– 14.
Қашанда өсер елдің ұландары бір-бірін батыр деп атаған. Осы орайда ауылда соңғы бес жыл ішінде жанжалдар мен шиеліністік жағдайлар мүлдем тіркелмеген. Биыл бұл ауылда жастар арасында ажырасу фактілері де орын алған жоқ. Бұған ақсақалдар алқасы мен билер кеңесінің қосқан үлесі зор. Қарабастау ауылында еңбегімен еленген еңбек ардагерлер Тұрсынбай Паширов пен Мәдіхан Рахманқұловқа ауданның Құрметті азаматы атағы берілген. Сондай-ақ, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларын иеленген 26 көпбалалы аналар тұрады.
Қарабастау ауылының көркеюіне өз үлесін қосып келе жатқан азаматтар аз емес. Мысалы, туған жерге тағзым жасауды перзенттік парызы деп білетін «Еламан» ЖШС-ның директоры Ерғали Миразов өзі туып өскен Қарабастау ауылына «Мірәз ата» аталатын еңселі мешіт, орталыққа саябақпен қатар, балаларға арнап ойын алаңшасын орнатып бергенін ерекше бөліп айтуға болады. Биыл елдегі пандемия жағдайына байланысты «Береке» шаруа қожалығының басшысы Әсел Ғалымова жағдайы төмен 10 отбасына азық-түлік себетін, жеке кәсіпкер Ғалымжан Қайнарбеков аз қамтылған көпбалалы 25 отбасына 20 000 теңгеден қаржылай көмек жасаса, «Айман» шаруа қожалығының басшылығы 11 тыл ардагеріне азық-түлік себетін таратып ел алғысына бөленіп отыр. Ал Қайрат Есмұратов есімді азамат Қарабастау ауылының орталығынан құны 5 млн теңгені құрайтын 150 орындық сахна салып берді.
Қарабастау ауылындағы жалғызбасты екі қарияның үй шаруасына көмек көрсетіліп, 11 қартқа азық-түлік себеті таратылды. Сонымен қатар, 1986-2000 жылдары туған жастардың демеушілігімен ауылдағы жағдайы төмен, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі төрт отбасына үш тоннадан көмір түсіріп берілді. «Жомарт жүрек» акциясы аясында Қарабастау ауылының жалғызбасты ананың тұрғын үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Міне, ынтымағы мен бірлігі жарасқан бұл ауылда аз ғана уақыттың ішінде азаматтардың күшімен көп тірліктер атқарылғанын анық аңғаруға болатындай.
Сондай-ақ, ауыл жастарының ұйымдастыруымен үш млн теңге қаражат жиналып, Қарабастау ауылының орталық алаңы және Қарабастау су тоспасы (ұзындығы 600 метр) қоршау жұмыстары жүргізілді. 1983 жылы туған азаматтар №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепке арнайы ойыншықтармен безендірілген жаңажылдық шырша сыйлап, аулаға 20 түп декоративті ағаштар отырғызды.
Ауылдың түлегі Ғабит Төре Миразовтың Қарабастаудың дамуына қосқан үлесі зор. Ауылына құрметі зор азамат жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында Қарабастау ауылының орталығындағы спорт алаңының бой көтеруіне үлкен үлес қосты. Онда қазір кіші футбол, баскетбол, волейбол алаңы және «Стрит воркаут» алаңшасы жұмыс істейді. Одан бөлек, жыл сайын ауылға 2000 түп әртүрлі ағаш көшеттерін отырғызуға ықпал етіп отыр. «Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген Абай өсиеті осы болар бәлкім.
2019 жылдың Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қарабастау ауылынан типтік спортзал салынып, онда қазақша күрес, футбол, волейбол, тағы басқа спорт үйірмелері ашылды. Сонымен қатар, «Ақтоты» домбыра үйірмесі, «Гүлдер» би үйірмесі, «Шебер қолдар» үйірмесі және «Тұмар» көркем сөз оқу үйірмесі жұмыс жасап тұр.
Мектеп жастары арасында футбол, волейбол, баскетболдан және қазақша күрестен «Мірәз атаны» есеке алуға арналған облысаралық турнирі және ауылдың тумасы Бекберді Қашкеевті еске алуға арналған қазақша күрестен жасөспірімдер арасында турнир дәстүрлі өтіп тұрады.
Бір үлгі боларлығы, Қарабастау ауылында соңғы бес жыл ішінде қылмыстық фактілер мүлдем тіркелмеген. Қылмыс деңгейін төмендету, ұрлықтың алдын алу мақсатында 51 шаруа қожалықтың басшыларына, төрт азық-түлік дүкен иелеріне, ауыл тұрғындарына жадынамалар таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, ауылдағы азық-түлік дүкені иелеріне алкогольді ішімдіктерден және де басқа зиянды әрекеттерден бас тарту бойынша түсіндіру жұмысының тұрақты жүргізілуінің нәтижесінде төрт дүкеннің 2-інде алкогольдік сусындар сатылмайтын болған.
Қарабастау ауылында «Таза ауыл», «Таза көше», «Таза аула» акциялары аясында ауыл іші мен аумағына күнделікті көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бұл жұмыстардың аясында қоршаулар мен қақпалар сырланып, арықтар тазаланып, 1400 дана тал бұталған. Одан бөлек, төрт ескерткіштің аумағы тазаланып, 150 тонна қоқыс шығарылды.
«Жасыл желек – жанға сая» демекші, ауылда жалпы аумағы екі гектарды құрайтын «Жасыл белдеу» құрылған. Екі саябақ бой көтеріп, 1700м2 құрайтын алаңға көгал себіліп, 2800 түп тал (қарағаш, декоративтік ағаштар, ясень ағашы, клен ағашы, павлония ағашы және жеміс ағаштары) отырғызылды және қоршалды. Сондай-ақ, ауыл аумағына 950 дана қарағаш, 150 дана жеміс ағаштары, 38 дана декоративті ағаштары және басқа да 420 дана ағаш отырғызылды. 460 м/кв жерге гүлзарлар отырғызылды.
Жеке кәсіпкер Е.Миразов ауылға саябақ орнатып, тал-дарақтар егуге атсалысты. Саябақ маңын жасыл белдеуге айналдыру мақсатында ағаштың 35 түрінен барлығы 1500 дана тал-дарақ отырғызған. Қазіргі таңда бұл саябақ тұрғындардың демалыс орнына айналды. Ауылдың ішкі жолдарына 11 жол белгілері қойылып, 8 көшенің көше анықтағыш тақтайшалары жаңартылды.
Қарабастау ауылындағы «Қолбасшы Қойгелді» батыр ескерткішіне кәсіпкер азамат Ғани Сапарбеков жалпы құны 500 мың теңге қаражатқа әрлеу-жөндеу жұмыстарын жасады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жуалы аудандық филиалы арқылы Қарабастау ауылының 71 азаматы «Бизнес-Бастау» оқу курсынан өтіп, бүгінгі күнге «Еңбек» бағдарламасымен тұрмысы төмен 14 отбасы қайтарымсыз грант (555 600 теңгеден) және 11 азамат төмен пайызбен алынған шағын несиемен өз кәсіптерін ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.
Қарабастау ауылында сегіз кәсіпкерлік нысан бар. Олардың қатарында төрт азық-түлік дүкені, шаштараз, жанар-жағармай құю бекеті, техникалық жөндеу орталығы, тігін цехы тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетеді.
Қарабастаулық 25 шаруа қожалық мал шаруашылығын дамытумен және егін егумен айналысады. Оның ішінде төрт ірі шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен шұғылдануда. Осыған сәйкес, жыл санап малдың басы да артып келеді.
Округ әкімінің баяндамасынан түйгеніміз, инфрақұрылым жүйелір жақсы дамып келеді екен. Қарабастау ауылында барлығы сегіз көшенің 6-уы көше жарығымен, орталық ауыз су құбырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 194 үй ауыз сумен қамтылған. А.Алимбетов, С.Слямханов, М.Таржанов көшелерін арық су жүйесімен қамту мақсатында 600 метр су жүйесін (лоток) тарту жұмыстары жүргізілуде.
«Кең жолақты Интернет» бағдарламасы аясында әкімшілік ғимаратына, «Билікөл» дәрігерлік амбулаториясына, №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепке және ветеринариялық пунктке жерасты арқылы талшықты-оптикалық желісі жүргізілген екен. Қарабастау ауылында байланыс және интернет желісінің қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында интернет желісіне «Биллайн» шағын орталығы қойылған. Ауылдық кітапхана жанынан 18 электронды қызмет түрін көрсететін цифрландырылған ақпараттық орталық ашылып жұмыс істеуде. Осы ретте ауыл тұрғындары аудан орталығына сабылмай-ақ, ақпараттық орталықтан қажетті анықтамаларды «egov.kz» сайты арқылы алуға толық мүмкіндігі бар.
«Үлгілі ауыл» облыстық байқауына Жуалы ауданынан таңдалып алынған Қарабастау ауылында аз уақыттың ішінде (үш ай уақытта) көп жұмыс атқарылғаны анық байқалады. Осы ретте ауыл басшысының жанынан табылып, сүйеу бола білген ауыл азаматтары мен ауылдан шыққан түлектерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ауылда атқарылған жұмыстарды жан-жақты саралаған комиссия мүшелерінің де ойы осындай. Қорытынды жиында төрт топтың да жетекшілері арнайы сөз сөйлеп, салалардың жұмысына оң бағаларын берді.
Жиын барысында жұмысшы тобының жетекшісі, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Масат Берік Қарабастау ауылында атқарылған жұмыстары туралы ой-пікрлерін білдіріп, кейбір кемшін тұстарға назар аулару қажеттігін еске салды. Сонымен қатар, ауылды дамытуға барынша күш салу арқылы ел ішінде сүттей ұйыған ынтымақ-бірлік халықты ырысқа бастай беретініне тілектерін қосты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.