Әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті

0

Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов жұмыс алгоритміне сәйкес ауылдық округтердің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен жүздесуде. Онда бірқатар мәселелерді талқылап, ауыл әкімдерінің істеген жұмыстары пысықталды. Апта ішінде Жайылма ауылдық округіне табан тіреген аудан әкімі Б.Жақсылықов,  аудандық мәслихат хатшысы С.Бегеев, аудан әкімінің орынбасары О.Көкей ең алдымен  Қызылдиқан орта мектебінің жылу жүйесін көріп, оқушыларды санитарлық талаптарға сай оқып жатқанын тексерді.

Одан кейін ауылдық фельдшерлік пунктке барып медбикелерімен жолығып, ауыл тұрғындарымен  тіркеуде тұрған азаматтардың денсаулығын жіті тексеріп  уақытылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп тұруды тапсырды.Сонымен қатар, жылу жүйесін  бақылайтын азаматтың техникалық қауіпсіздік ережесін сақтамағанын айтып, алдағы уақытта  бұл олқылықтарды болдырмауды ескертті.

Сондай-ақ, Маятас және Жайылма ауылдарындағы  мектеп, балабақшада да болып, әлеуметтік нысандарды аралады. Талапқа сай келмейтін кей мекеме басшыларына ескерту беріп, айтылған сын-ескертпелердің уақытылы орындалуын тапсырды.

Одан кейін  Жайылма ауылдық клуб үйінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, аппараттық кеңес өтті.

Жиынға мекеме, кәсіпорын басшылары, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.

Басқосуда ауылдық округ әкімі Жандарбек Смағұловтың «Жайылма ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстардың жағдайы мен алдағы жоспарлар туралы» хабарламасы тыңдалды.

Жиын барысында ауыл тұрғындары  ұсыныс- пікірлерін ортаға салып, жарыссөзге шықты.

Ауыл тұрғыны, зейнеткер Т.Қажыкенов,   Д.Сенбин атындағы орта мектебінің мемлекет есебінен қайтарылған 4 га жер учаскесін пайдалану туралы  нақты ұсыныстар берілсе және жайылымдық жерге Талас өзенінің суын жіберсе деген сұрағын қойды.

Ауылдық округ әкімі Ж.Смағұлов бұл мәселе бойынша заң жүзінде  шешуін табатынын жеткізді. Ал екінші мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқаратынын айтты.

Одан кейін  жеке кәсіпкер Т.Тоғызақбаев Шешенбай өңіріндегі жайылымдық шабындық жерлерін пайдалану бойынша және бірнеше шаруа қожалық төрағаларының Ш.Бапашовтың үстінен жазған арызын қанағаттанарлық жауабын беру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуін сұрады.

Аудан әкімінің орынбасары О.Көкей:

— Облыстық орман шаруашылығы мекемесіне  бұл мәселені  заңға сәйкес  ресми түрде жолдағанбыз. Олар тергеп –тексеру жұмыстарын жүргізіп, жауабын беру керек. Бұл мәселе бақылауда болады,-деді.

Зейнеткер М. Қожахметова,  Ақтам, Шешенбай өңіріндегі шабындық жерінен ауыл тұрғындарының шөп шауып, тасуға кедергілер болуда.

Аудан әкімі, бұл түйткілді мәселе бойынша заң аясында жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Б.Жақсылықов тұрғындарды тазалық пен адалдыққа, еселі еңбекке шақырды.   Сонымен қатар, ауыл әкіміне бір қатар тапсырмалар берді. Ұсыныс-пікір, сын-ескертпелер  бойынша арнайы іс –шаралар жоспары жасалынып,   бақылауға алынатынын жеткізді.

С.Есқараев, Сарысу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.