Антына адал азаматтар

0

1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді.

Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін елімізде кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған еді. Адамдарды, қоғамды апаттық жағдайдан құтқару жұмыстарын көбіне қоғамдық ұйымдар, құтқару бекеттері атқарып келді. Бұл қызметтің бір бөлігі милицияға жүктелді.

Міне, осындай мемлекеттік маңызы бар қызмет жүйесін жасау үшін 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы құжат негізінде 19 қазан — Құтқарушылар күні болып белгіленді.

Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. Сол үшін де құтқарушылар қажетті құрал-жабдықтармен барынша жарақтандырылуы тиіс.

Бүгінде құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға дайын болу үшін арнайы, медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын  үнемі жетілдіріп отырады.

Құтқарушылардың жұмысы өз өміріне қауіпті болып келеді. Дегенмен олардың алға қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу.

Биылғы жылы Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар органдарының құрылғанына 25  жыл толып отыр.  Құтқарушылардың күн сайын, әр сағатта атқаратын істерінің маңыздылығы мен мәнділігін мақтанышпен айта аламыз. Қандай қиыншылыққа тап келсе де төтенше жағдай қызметкерлері мейірімділігі мен өз ісін абыроймен атқаруға бар ынталарымен кіріседі.

Өткен уақыт аралығында елімізде мемлекетіміздің аумағындағы, сондай-ақ одан шеткері жатқан жерлердегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою бойынша тапсырмаларды жоғары деңгейде шешуге қабілетті, жедел әрекет ететін қуатты және шұғыл жүйесі қалыптасты.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының ТЖМ қызметкерлерінің беделі – еліміздегі ең жоғарғының бірі. Оған, мамандарымыздың кәсібилігі, жұмысқа деген адалдық пен ерліктерінің арқасында қол жетіп келеді. Осы жұмыстың нәтижесінің арқасында – мыңдаған адамдардың өмірлері құтқарылған. Өйткені бір адамды қатерден аман алып қалудың өзі қаншалықты күшті, жауапкершілікті, ерлік пен өрлікті талап етеді. Міне, осындай жүгі ауыр салада жанкештілікпен еңбек етіп жүрген мамандардың арқасында еліміз өсіп, өркендеп келеді. Ширек ғасыр бойы төтенше жағдай саласының қызметкерлері от пен судың ортасында жүріп, түрлі апаттармен арпалысып, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалды. 

Біздің елімізде осы бір қиын да, қызықты мамандықты өмірінің мәніне айналдырған адамдар бар. Олардың өмірі мен еңбегі талайларға үлгі. Өйткені олар өздері таңдаған мамандықты шын сүйеді, әрі өздері еңбек ететін салаға жан-тәндерімен берілген. Мұндай мамандар үшін атақ-абырой мен табыс та бірінші орында емес, маңыздысы – кәсіптеріне деген адалдық.
          Апат — айтып келмейді. Тілсіз жау тап бергенде азамттарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушыларының еңбегіне табыс тілейміз. Құтқарушы болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл мамандықты адамның өзі емес, керісінше құқарушылық қызмет адамды таңдайтындай ой қалдырады. Өйткені бұл салада тек үлкен жүректі, білімді де, білікті, кез келген жағдайға әрдайым әзір, машыққан тәжірибелі адамдар қызмет етеді.

Біз өз ардагерлерімізді, құтқарушыларды, өрт сөндірушілерді, азаматтық қорғаныстың әскери қызметкерлерін кәсіби мереке – Қазақстан Республикасының Құтқарушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Дәуренбек ҚАБЫШЕВ,

Мойынқұм аудандық Төтенше

жағдайлар бөлімінің басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.