Жол сапасына баса назар аударылуда

0

Жол – ең өзекті, талай жылдан бері айтылып, жазылып келе жатқан мәселе. Қай уақытта болмасын барыс-келіс пен алыс-берісті қиындататын жол мәселесі өзінің өзектілігін, маңыздылығын жоғалтпаған. Былтыр аудан бойынша 12 көше асфальтталынса, биыл Мойынқұм ауылының өзінде 13 көше асфальталынып, аудан көлемінде 28-29 шақырым  жолды орта жөндеуден өткізу жоспарланған. Аудан орталығынан бөлек ауылдық елді мекендерде де тиісті жұмыстар жанданып келеді. Осы тұрғыда аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жақсыбек Исақовпен сұхбаттасхан едік.

  • Ассалаумағалейкум аға! «Жол азабын жүрген білер» дейді қазақ. Жалпы аудан бойынша көше жолдарына орта жөндеу жұмыстары қалай жүргізілуде?
  • Қазіргі таңда биылғы жоспар бойынша аудан орталығы және ауылдық елді-мекендердегі көшелерді асфальттау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда Мойынқұм, Бірлік, Айдарлы, Биназар, Шығанақ, Көкжелек, Жамбыл, Құмөзек ауылдары бойынша 28-29 шақырым жолдарға орта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 456 миллион теңге қаралған болатын. Бұл бөлінген қаржыға Мойынқұм ауылынан 13 көше, Айдарлы – 3, Биназар – 2, Жамбыл, Бірлік,  Шығанақ ауылдарынан бір-бірден 1 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
  • Бұдан бөлек жолдарға орта жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен де қаражат қарастырылды ма?
  • Иә, бұдан бөлек Бірлік ауылының 3 көшесіне, Айдарлы , Жамбыл , Құмөзек , Көкжелек ауылдарының әрқайсысына бір көшеден және Шығанақ ауылының 2 көшесін орта жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 198 миллион теңге қаражат қарастырылды. Қазіргі таңда жұмыстар қарқынды жалғасуда.
  • Қанша көшенің жұмысы аяқталды, нақтырақ айтып өтсеңіз?
  • «Жол картасы» бағдарламасы аясында Айдарлы ауылындағы 3 көше, Биназар ауылының 2 көшесінің жолын асфальтау жұмыстары толығымен аяқталды. Ал Мойынқұм ауылы бойынша 13 көшенің жол жабындысы (қиыршық тас) 100 пайыз, асфальт жабындысы 30 пайызға жасалды. Жұмыстар әлі де жалғасуда.
  • Жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігер ұйымдар «Жұмыспен қамту жолкартасы 2020» мемлекеттік бағдарламасының талабын қаншалықты орындап жатыр?
  • Тараз қаласынан келеген «Жігер — 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі А. Иматаева бойынша Айдарлы ауылының 3 көшесіне, Мойынқұм ауылының 13 көшесіне орта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оған жұмыспен қамту орталығы арқылы 49 адамды жұмыспен қамтылды. Ал «Хантер»  ЖШС Шығанақ, Жамбыл, Бірлік, Биназар ауылындағы көшелерді  асфалттау жұмыстарына аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 25 адамды жұмыспен қамтыды.
  • Жақсыбек аға, «Жол картасы» бағдарламасы аясында қанша көше және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа нақты қанша көше жөнделіп жатыр? Сондай-ақ, бұл жасалып жатқан жолдар жұмысына бақылауды кімдер жүргізеді?
  • Аталмыш бағдарламамен бөлінген қаражатқа 21 көше, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға 9 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жасалып жатқан жұмыстарға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалынан және аудан әкімдігінен арнайы комиссия топтары құрылып, қадағалау, бақылау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар аудан бойынша салынып жатқан барлық көше жол жұмыстарын аудан әкімі Мәден Мұсаев жеке бақылауында ұстап отыр.
  • Енді осы жүйелі жоспар аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарда қандайда бір кедергілер, қиындықтар туындайтын сәттер болып тұра ма?
  • Облыс тіпті республика көлемінде асфальтты уақытында жеткізу жағы қиындықтар туғызуда. Жергілікті халық соны дұрыс түсінбей жатыр. Осы Мойынқұм ауылындағы көшелерді асфальттап жатқан мердігерлерге ауыл тұрғындары біраз сын айтыпты. Әрине сын айтылған дұрыс. «Сын түзелмей мін түзелмейді»-деп халқымыз бекер айтпаған ғой. Енді біз орын алған олқылықтарды дер кезінде орынына келтіріп жатырмыз. Облыс бойынша жалғыз біздің ауданымызда асфальт зауыты болмағандықтан біздегі жолдардың барлығы салқын асфальтпен жасалады. Оның үстіне облыстан шалғай жатырмыз. Ал ыстық асфальт зауыттан шыққаннан кейін 5 сағаттың ішінде салынып, төселіп бітуі керек. Сондықтан біздің жобалық сметаға ыстық емес, салқын асфальт белгіленген. Бұл салқын асфальттың зертханалық қорытындысы алынғанша 28-30 күн уақыт кетеді. Осыны кейбір тұрғындар дұрыс түсінбей жатыр. Сондықтан тұрғындарға айтарым, жаңадан салынған асфальттың үстімен мүлдем жүруге болмайды емес, жүруге болады.  Алайда ауыр жүк көлігімен жүрмеу және көлікпен келе жатып, бірден тежегішті басып тоқтамау, бірден бұрылмау ережелерін асфальт толығымен қатып үлгергенше қатаң сақтаса екен деп сұранамын.
  • Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Уалихан ЖАЙЛАУ

Мойынқұм ауданы.

Суреттерді түсірген А.Әлтай.

Leave A Reply

Your email address will not be published.