Елге қызмет – ерге міндет

0

Бұқараның көзі, құлағы һәм тілі саналатын журналистика саласындағы тәжірибем арқылы  маған жергілікті тұрғындардың көкейінде жүрген барлық өзекті мәселе таныс. Қоғамның «қотыры» саналатын осы түйткілдердің түйінін тарқатуда мәслихат беретін мүмкіндіктерін кеңінен пайдалана отырып, қажыр-қайратымды ел алдындағы перзенттік борышымды адал қызмет арқылы өтеуге бел будым.

Халыққа қызмет ең әуелі әлеуметтік-экономикалық әлеуетті көтеруден басталады. Бұл орайда мен өзімнің праймериздегі сайлауалды бағдарламамдағы межелі міндеттерді былайша түзіп отырмын.

Кандидат, Жамбыл облыстық «ARAI»  жастар газетінің Бас редакторы Даулет Төлендінің сайлауалды бағдарламасы:

 

  1. Өнеркәсіпті өркендетудің мүмкіндіктерін қарастыру.

Тараз қаласының машина жасау, аяқ киім өндірісі, тері өңдеу, химия өнеркәсібі саласындағы әлеуетін арттырудың барлық тетіктерін қарастыру керек. Облыс орталығында Кеңес Одағы тұсында 15 мемлекеттің нарығында үлкен сұранысқа ие болған өнімдерді өндірген кәсіпкерлік нысандар болған. Олардың кейбірі бүгінде қаңырап тұр. Осы нысандарды қайта пайдаланудың жоспарын түзу. Бұл орайда дайын өндірістік нысандарға инвестор қарастыруға болады. Дайын жобаларды индустриалды-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы арқылы қаржыландыру мүмкіндігін қарастырған жөн.

  1. Ішкі көші-қонды реттеу арқылы қалаға көшіп келушілердің әлеуметтік мәселелерін шешу.

Облыс орталығы ретінде жыл санап Тараз қаласындағы урбанизация көрсеткішінің артуы байқалады. Қалалықтардың саны негізінен қалаға қоныс аударған ауыл тұрғындарының  есебінен өсіп отыр. Алайда олардың арасында әлі күнге дейін жалдамалы пәтерде, ешқандай тіркеусіз жүргендері де бар. Соның салдарынан олар мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдаудың барлық түрлерінен қағылып келеді. Сондықтан да облыс орталығында ішкі көші-қонды қатаң бақылауға алу қажет. Ол үшін тиісті уәкілеттіліктері бар мемлекеттік орган құрған жөн.  Азаматтарды уақытша тіркеу қойып, баспана мәселесі шешілгенге дейін тұратын орынмен қамтамасыз ету әлеуметтік жатақханалар желісін құру керек.

  1. Әлеуметтік осал топтардағы баспана мәселесінің оңтайлы шешімін ұсыну.

Қазіргі таңда баспана кезегінде тұратын көпбалалы, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларды уақытша баспанамен қамту мәселесі туындап отыр. Өйткені олар өз кезегі келгенге дейін немесе баспаналы болу мүмкіндігіне ие болғанға дейін азаматтық келісімшарт негізінде жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр. Сондықтан да әлгінде айтылған әлеуметтік жатақханалар желісін құруда дәл осы санаттағылардың мәселесін ескерусіз қалдыруға болмайды.

  1. Мінсіз және қолжетімді қоғамдық көлік қызметін ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарастыру.

Тараз қаласының аумағы оған жақын маңдағы елді мекендердің есебінен өсіп келеді. Сәйкесінше бұл аумақтың тұрғындарының көбі Тараз қаласында жұмыс істейді. Олар күн сайын қоғамдық көлік қызметін тұтынады. Алайда қаладағы жолаушылар тасымалындағы жүйесіздік оларға осы қызметті сапалы ұсынуға мүмкіндік бермей келеді. Кейбір елді мекендер мен қала арасындағы қоғамдық көлік 1 сағатта бір рет қана жүреді. Сондықтан да тұрғындар такси қызметін тұтынуға мәжбүр. Оның өзінде жолаушылар тасымалын арнайы рұқсаты жоқ кез-келген көлік жүргізушісі жүргізіп келеді. Осы мәселелерді болдырмау үшін қоғамдық көлік саласын толықтай цифрлы жүйеге көшіру керек. Азаматтарға қоғамдық көліктің бағыты, нақты уақыттағы қозғалысы туралы шынайы әрі дәйекті ақпарат ұсына алатын мобильді қосымшаны іске қосу қажет. Осы қосымша арқылы тұтынушылардың қатысуымен жолаушылар тасымалы саласындағы қызмет көрсететін коммерциялық ұйымдардың рейтингісін жасау. 

  1. Бизнестің әлеумет алдындағы жауапкершілігін іс жүзінде іске асыру.

Тараз қаласындағы химия өнеркәсібі нысандарынан шығатын қалдықты қайта кәдеге жаратуға бағытталған ғылыми жобаларды сол кәсіпорындардың есебінен қаржыландырудың тетігін қарастыру. Тараз қаласы тұрғындарына  шаһардың экологиялық жағдайын ескере отырып, кәсіпорындар есебінен қосымша ақы төлеудің мүмкіндіктерін ойластыру. Кәсіпорындардың демеушілігімен қала маңында жасыл белдеу құру және жыл сайын ұлғайтып отыру қажет.

  1. Жастар саясатына жіті назар аудару.

Қала әкімдігі есебінен шығармашыл жастарды қолдау шараларын ұйымдастыру. Жыл сайын өз саласында толайым табыстарымен көз түскен жасқа қала әкімінің арнайы сыйлығын табыстау. Бұл түрлі салада еңбек етіп жүрген жастарға үлкен мотивация болады.

  1. Қоғамдық көліктерде студенттерге жеңілдік жасау жүйесін енгізу.

Әлеуметтік жатақханалар желісін жетілдіре отырып, жас отбасыларды баспанамен қамту.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы жұмысшы жастарға арналған жылына 1000 баспана жүйесін Тараз қаласында іске асырудың мүмкіндіктерін қарастыру. Қаланың экономикалық жағдайын ескеріп, жылына жұмысшы тараздық жастар үшін 250-300 баспана беруге болады.

group of teen scholars running to school bus after lessons to get home
  1. «Қоғамдық бақылау» жобасын жетілдіру.

Халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік, коммерциялық ұйымдардың қызметіне қоғамдық бақылау жүйесін енгізу. Ашықтық принципіне сай аталған құрылымдардың бірінші басшылары өздерінің интернет-ресурстарында WhatsApp әлеуметтік желісіндегі нөмерін қалдыруы керек. Тұрғындар сол нөмерге талап-тілектерін жазып қалдыра алады. Және тоқсанына бір рет мекемелердің бірінші басшылары әлеуметтік желідегі аккаунттары арқылы желі қолданушыларымен тікелей байланысқа шығуы керек.   «Қоғамдық бақылау» жобасының нәтижелілігін, мекемелерге айтылған сын-ескертпелердің лайықты шешімін табуын зерделеуді арнайы жұмысшы топқа немесе қоғамдық бірлестіктерге, БАҚ өкілдеріне тапсыру.

Leave A Reply

Your email address will not be published.