Игі істің бастауы – тіл білу

0

Жамбыл облысында мемлекеттік тіл курсы тыңдаушыларының қатысуымен “Менің мекенжайым” тақырыбында тәжірибелік сабақ өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz. Жамбыл облысының Полиция департаменті қызметкерлерінің мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу мәдениетін жетілдіруге, кәсіби біліктілігін арттыруға осы мекеменің тіл мамандары тарапынан өткізіліп жатқан түрлі форматтағы іс-шаралар өз септігін тигізіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіріп, тілге деген құрметін арттырып отыр. Мекемедегі өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді үйренуге, оны білуге барлық ынта-ықыласын танытуда. Қазақстан халқы тілдері мерекесі қарсаңында департаменттің Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің қызметкері А.Құлпамышова мемлекеттік тіл курсы тыңдаушыларының қатысуымен “Менің мекенжайым” тақырыбында тәжірибелік сабақ өткізді. Сабақтың мақсаты – курс тыңдаушыларының тақырып бойынша оқылым, тыңдалым, айтылым, жазылым дағдыларын қалыптастыра отырып, жаңа сөздерді оқу арқылы сөздік қорын молайту.
Оқытушы тақырып бойынша негізінен тірек сызбалар арқылы орыс тілді дәрісханада қазақ тілін үйрету әдістемесін қолданып, әдіс-тәсілдердің түрлі элементтерін ұтымды пайдаланды. Сабақ барысында тыңдаушылар риза болып, сабақтың кейбір тұстарына ерекше назар аударды. Оқытушы тек сөйлеуге үйретуге ғана емес, тыңдаушылардың оралымды тіркестер мен тілдің мүмкіндіктерін пайдалануына да мән берді.Тыңдаушылардың жауабы интерактивті әдіспен берілуі, жиі қолданылатын лексикалық материалдардың таң-дап алынуы және тілдік кедергіні тез жеңуге бағытталған әдіс-тәсілдер нәтижесінде сабақ мақсатына жетті.

– Тіл – ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына. Тілді қастерлеу – әрбір қазақстандықтың міндеті. Бұл – біздің де міндетіміз. Ал бүгінгі таңда мемлекеттік тілді өз дәрежесінде үйрену – тіл мамандарына да, біздерге де үлкен міндеттер жүктеп отыр, – деді сабақ соңында курс тыңдаушыларының бірі Тараз қаласының Полиция басқармасы Жедел-криминалистикалық бөлімінің аға криминалисі Дмитрий Келлер.

Сабақ барысында белсенділігімен ерекшеленген Тараз қаласының Полиция басқармасы жедел басқару орталығының кезекші инспекторы Наталья Крайнова да, өз кезегінде, сөздік қорын молайтып, жаңа лексиканы меңгеруде жақсы жұмыс жасалғанын, алдағы уақытта қызмет барысында да, тұрмыс саласында да осы сабақ мүмкіндіктерін пайдаланатын айтты. Жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының инспекторы Оксана Семенова: – Тілді білу–басымдылық. Бізге қойылған біліктілік талаптарының бірі- мемлекеттік тілді білу. Мен осы мақсатқа бағытталған міндетімді іске асыруға барымды саламын, – деп ағынан жарылды. Алдағы уақытта да Мәңгілік Ел атануға бағдар ұстаған тұста рухани жаңғырудың бір ұшы алдымен мемлекеттік тілге басымдық беруде, соған қол жеткізуде тіл мамандары тарапынан мақсатқа бағытталған жұмыстар жасалатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.