Міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында экономикалық күйзелістегі, ауыр пандемиядан кейінгі одан әрі дамуымызға себеп болатын бірқатар бағдарлы бағыттарды ұсынды. Президент өз Жолдауы арқылы мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласына қатысты пайымды ой-пікірлер мен тың идеяларды жүзеге асыру үшін тиісті орган басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Әрине, Президенттің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы жылдың басты құжаты болғандықтан, жұрт әркез елеңдеп жаңалықтар күтеді. Бұл маңызды құжаттың өз ерекшелігі бар, әдеттегіден гөрі нақты іс-қимылға негізделген, батыл қадамдарға бетбұрыс жасалғанын байқатады. Осы орайда мемлекетті басқарудың жаңа үлгісінің ұсынылуы, мемлекеттік қызметкерлердің 25 пайызға дейін қысқаруы, шетелдіктерге жер сатылмайтыны туралы нақты айтылуы назар аудартпай қоймайды.
Жалпы, әр нәрсенің, әсіресе, осындай ел өміріндегі аса маңызды құжаттың өз түйіні болады. Мемлекет басшысының қоғамның түрлі саласындағы ахуалға терең талдау жасай келіп, негізінен мемлекет құрушы басты ұлттың осынау іргелі істерді атқарудағы жаңа ұлттық болмыс-бітімі қандай деңгейде болуы керектігін атап көрсетеді.
Жолдаудың мемлекеттік басқарудың жаңа үлгі­сін қалыптастыруға арналған бірінші бөлімінде айтыл­ған міндеттерді іске асыру оңайға соқпайтыны, оған қоғамның әртүрлі саяси топтары тосқауыл қойғы­сы келетіні түсінікті жағдай. Демек, Жолдаудан туындай­тын әрбір тапсырма мен Үкімет алдындағы міндет­­терді нақтылап, олардың орындалуын қатаң бақы­лауға алу істің сәтті болуының бірден-бір кепілі бол­мақ. Оны ұтымды жүргізу үшін тікелей Прези­дентке бағынышты болатын стратегиялық жоспарлау және рефор­ма­лар агенттігін құру туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ көңілден орын алған мәселенің бірі – жемқорлықпен күрес. Оған ерекше тоқталған Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа негіздерін енгізу қажеттігін алға тартып, халқымыздың үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерге ие болуы – ел ертеңі үшін айрықша маңызға ие екендігін айтты. «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт саясатын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұдан бөлек, ел Президенті өңірлердегі жасыл желек ауқымының ұлғайтылуына назар аударды. Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарының заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғалуы, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керектігін алға тартты.
Жалпы, бұл Жолдауда ауқымы кең сала – қолжетімді әрі сапалы білім, денсаулық сақтау, азаматтардың мүддесін қорғау сынды өзекті мәселелерді дамытуды кеңінен баяндап, бірлігіміз бен ынтымағымыз арқылы қиындықты жеңіп, мақсатымызға жететінімізді айтты.
Біз осы орайда сенімге селкеу түсірмей әр сала бойынша не істеу керектігін көрсетіп берген ауқымы кең құжаттағы тапсырмаларды жүзеге асыруда қажырлылық пен ынта танытайық.

Рүстем БЕГАЛИЕВ,
Жамбыл аудандық мәслихатының хатшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.