Жамбылда ғаламтор жылдамдығы жоғарылай түспек

0

Әлемді сергелдеңге салған аты жаман селебенің салқыны тимеген саласы қалмады. Соның бірі – білім ордасы. Ешқандай уайымсыз, сөмкесін қолына іле кетіп, дәріс алып, топталып думанды шараларға қатысқан оқушылар көзге көрінбейтін індетке тап болды. Көзімізге балпанақтай баланың бетперде тағып жүргені көңілімізге қаяу ұялатқанымен, денсаулық сақтау сарапшылары бетперде тағудың тиімділігін айтып, жиі құлағдар етті. Күннен күнге індетке бой түзеле бастағанымен, мұның ауыртпалығы жаңа оқу жылы басталғанда қылаң берді. Ауданымыздан шалғай орналасқан Тоғызтарау, Өрнек, Ерназар, Ащыбұлақ, Шайдана ауылының тұрғындары пандемияға табандылық танытқанымен, дәстүрлі оқыту маусымына балаларын жіберуге қорықты. Олар елімізде індеттен сақтану бағытында қолға алынған қашықтықтықтан оқыту форматын қуана құптады. Ал бұл форматта білім алуға ғаламтор желісі ауадай қажет екені бесенеден белгілі еді. Бұл тұрғыда ауданнан 30 шақырымда орналасқан ауылдарда ғаламтор желісінің екі таяқшасын әзер көретін тұрғындар саналы ұрпақ жолын жүйелеуге жөн сілтейтін азаматтарды іздеді. Ауыл әкімдері де бұл жағдайдың алдын алу үшін «Қазақтелеком АҚ» аудандық бөлімшесінің табылдырығын тоздырғанын қынжыла жеткізді. Бөлімше мамандарының айтары интернет нүктелерінің тапшылығы. Ашып айтқанда күрмеуі шешілмейтін мәселе екенін дүйім жұрт анық ұғынды. Дегенмен мемлекет тарапынан мыңнан аса заманауи планшеттер аз қамтылған отбасыларға үлестірілді. Әйтсе де, ғаламтор желісін біржола шешілетіні жөнінде ешкім тап басып айта алмады. Осы сұранысты қанағаттандыруды көздеген аудан әкімі Сәкен Арубаев тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, ауданды ғаламтормен қамту қажеттігін жедел қолға алу керектігін басып айтты. «Амал іздеген жол табар» демекші, «Транстелеком» АҚ-ның Тараз қаласындағы «Жамбылтрастелеком» компаниясы мен «NewTelcom» ЖШС-нің дилері ұсынатын тиімді жобаны қолдаған аудан әкімі Сәкен Қаланұлы компания қызметкерлерімен кездесіп, жобаның құрылымын егжей-тегжейлі талқылады.
– Қарыштап дамыған заманда ғаламтордың қажеттілігі де күн санап артуда. Қарапайым ғана гаджет ілім алуға көп септігін тигізер еді. егер желінің жылдамдығы жоғары болса. Қашықтықтан оқыту барысында ауданымызда ғаламтор деңгейі төмен көрсеткіште екенін аңғардық. Осы орайда шешімін табу үшін бірқатар мекемемен байланысқа шығып, түрлі жолдарын қарастырдық. Міне, бүгін ақсаған тұсымызға дауа қонатын секілді. Істі қолға алған екенбіз, қажетті елді мекендері толығымен ғаламтормен қамтамасыз ету үшін күш жұмсайық, – деген Сәкен Қаланұлы жұмыстың аяқ алысына қолдау білдіретінін жеткізді.
Араға бір жұма салып, Өрнек ауылында ауыл әкімі Азиз Мәнтеевтің ұйымдастыруымен ауылдық клубта аталмыш компаниялардың басшылары Дархан Омаров пен Мырзалы Жақаевпен кездесу өтті. Кездесуге келген тұрғындар жобаның қыр-сырларын сұрап, өтінініш беруге ниетті екенін білдірді. Компания өкілдерінің айтуынша, инвесторлардың көмегімен жүзеге асырылатын жоба әр үйге 35 мың теңге көлемінде орнатылып, халықтың ақшасына қажетті құрылғылары алынады. Екі ай ғаламтор желісі тегін берілсе, келесі төлем 4000 мың теңге мен 6000 теңге аралығында болмақ. Жылдамдығы да жоғары (40 Мбит/с). Бұл тарифке қосымша 110 телеарналарға қосылуға мүмкіндік бар. Ең бастысы – ауылдардан ғаламтор қажеттілігі бойынша өтініштер көп болуы қажет, – дейді сала мамандары. Компания өкілдері ата-дәстүрден аттамай ауыл мешітінің имамы Оңласын Атыхайдың батасын алып, уақ малды құрбандыққа шалып, тұрғындарға үлестірді.
Қараша халыққа ұнаған жоба жиыннан кейін қарқын алды. Биік мұнараларға құрылғылар орнатылып, жабдықтарға сұраныс берілді.
Бұл жоба өтініш берген барлық ауылдарда бастау алатынын ескерсек, лек-легімен ауданымыз толықтай ғаламтормен қамтамасыз етілетін болады.

Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.