Олар – бақытын ұрпағынан тапқандар

0

Өрнек ауылында өнегелі, үлгілі отбасы көп. Солардың бірі – Балықбаевтар әулеті. Әулеттің үлкені Әмзе Балықбаев – ұзақ жыл кеңшарда шопан болып мерейі тасыған кісі. Омырауы орден, медальға толы еді. «Өмір бар жерде өлім бар» деген, осыдан 19 жыл бұрын айтпай келген кеселдің кесірінен Әмзе қария келмес жаққа кете барған.
Орден, медаль демекші, орденнің орындысы, медальдің алтыны марқұм Әмзе кісінің асыл жары Бибіхан әже мен келбетті келіні Гүлшатта да бар екен. Бар болғанда да, бұл марапаттың жайдан-жай беріле салмағаны анық. Отбасының ұйытқысы Бибіхан әже 8 ұл-қызды өмірге әкелсе, жанұяны жайнатып отырған 40 жастағы Гүлшат келін 7 баланы дүниеге келтірген. Қазір сегізіншісіне аяғы ауыр көрінеді.
Нақтырақ айтсақ, Бибіхан әже Құлжанқызы да, енесінің топырағынан жаралған Гүлшат Өзгелдіқызы да «Батыр ана» санатында.
Енді, қос «Батыр ананың» өмірдерегіне үңіліп, отбасы (жанұя құрамы) жайында айтпай кетуге болмас. Өйткені, ол екеуі өмірге әкелген перзенттері арқасында бақыт құшағына еніп отыр.
83 жастағы Бибіхан әженің 8 ұл-қызынан тараған немере, шөберелері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрсе, қолындағы ұлы Оразғали мен жары Гүлшаттың 7 перзентінің алды Гүлжан – студент, Дариғасы 9-сыныпта, Данасы 7-сыныпта, Айымы 5-сыныпта, Айтуғаны 3-сыныпта, Нұршаты 2-сыныпта білім нәрімен сусындап жүрсе, 3 жасар Айаруы анасының құрсағында жатқан інісін күтіп жүр.
Бұл отбасын көрген «Ақ жол» газетінің тілшісі Есет Досалы «Бұл жанұяны шағын мектепке, балабақшаға баласақ, жараспай ма» деген. Шындығында, жарасып-ақ тұр.

Дүйсенбек Орманов

Leave A Reply

Your email address will not be published.