Қымбат бізге туған жердің әр тасы

0

Атам да, әкем де осы аядай Ащыбұлақ (бұрынғы Пионер) ауылында туып өсті. Өлкенің гүлденуі үшін аянып қалғанымыз жоқ. Бағындырар асуымыз әлі алда екеніне сенімім мол. Әңгімеміздің әлқиссасын ауыл тарихынан бастағанымыз жөн болар. Ерте заманда мұнда бұлақтар өте көп болған. Судың құрамы тұзды әрі дертке шипа болғандықтан, дүйім жұрт Ащыбұлақ деп атап кеткен екен. Осы ауылдан 3 шақырым жерде Шайдана ауылы бар. Шәйі есімді ер мінез, қара қылды қақ жарып, көш бастай білетін анамыз данагөй, озық ойлы болса керек. Сондықтан бұл ауыл әулие кісінің атын иемденген. Осы екі ауыл Қарасу ауылдық округінің құрамына кіреді. Қарасу атауының мән-мағынасына келер болсақ, ерте кезде бұл жерден ауыл азаматтары өз күштерімен шым ойып, қапшықтарға топырақ салып, егін шаруашылығына ден қойған. Сол себепті бұрынғы Кеңес дәуірінен қолданысқа еңген Пионер атауын Ащыбұлақ деп, округті Қарасу етіп, аудан әкімдігінің №162 қаулысымен 2018 жылы өзгерттік.
31116 гектарды еншісіне алған округте 2047 адам тұрады. Аула саны – 345. 2135 гектар егістік жердің 1704 гектары суармалы, 431 гектары тәлімдік жер. Мекенде Көделі мен Мойынқұм мал жайылымы орналасқан. Жайылымдық алқап – 25260 гектар, шабындық 1314 гектарды құрайды. Округте 167 зейнеткер, 3 Ауған соғысына, 3 Семей полигонына қатысқан ардагерлер бар.
Аудан әкімі мен ауыл әкімі арасындағы 2020 жылға арналған негізгі индикаторлық көрсеткіш көңіл көншітеді. Мәселен, егістік жерлерді игеру бойынша округке тиесілі жерлерге дәнді дақыл орналастыруда ілгерілеушілік бар. Биылғы жылы ауылдық округте 1277 гектар жер жыртылып, 250 гектарға күздік бидай, 595 гектарға жаздық арпа, 165 гектарға мақсары, 10 гектарға жүгері, 85 гектарға қант қызылшасы, 20 гектарға бақша дақылдары, 41 гек­тарға көкөніс, 11 гектарға картоп, 100 гектарға жоңышқа егіліп, өнімі ойдағы­дай болды. Қазан айында қант қызылшасын жинап алуды жоспарлап отырмыз.
Мал басының өсуі де байқалады. Округте 2500 бас мүйізді ірі қара, 2195 бас қой-ешкі, 1417 үй құсы бар. Әрине, шаруашылықтың өркендеуіне Алпысбай Жұмаханов басшылық ететін «Пионер» өндірістік кооперативінің еңбегі орасан. Кооперативте 2481 бас уақ мал, 18 бас жылқы бар. Ағымдағы жылы 7 тонна 995 кг жүн қырқылып, мал басына шаққанда 3,8 кг биязы жүн алынды.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты бойынша үстіміздегі жылы 7 азамат мемлекет тарапынан 24 млн 500 мың теңге қаражат алып, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында мал басын көбейтуге бет бұрды. Бұдан бөлек, ауыл тұрғыны Мейіржан Үкібаев үй құстарының санын еселеп, кәсібін айналдырып отырса, қайтарымсыз грант арқылы 505 мың көлемінде қаражат алған шайданалық Қайрат Бекболатұлы темір тұлпарды әрлеп-сырлау үшін шағын бокс ашып, тұрғындарға қолжетімді бағада қызмет көрсетіп отыр.
Халықты әлеуметтік қорғау және қамсыздандыру бойынша мемлекет тарапынан қолдау бар екені белгілі. Ағымдағы жылы 71 отбасыға 52 млн 800 мың теңге жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек берілді. Қысқа мерзімдік кәсіптік оқу курсынан 10, жастар практикасынан 4, ақылы қоғамдық жұмыстарға 8 азамат алынып, 1 азамат әлеуметтік жұмыс орнына, 45 азамат тұрақты жұмысқа орналасты.
Салықтық түсімдер бойынша жоспарды асырып орындадық. Ауылдық округ бойынша 2020 жылға жоспарланған салық түсімдері 2 млн 625 мың теңге болса, қазірдің өзінде 5 млн 403 мың 169 теңгеге жетіп, орындалуы 205,8 пайызды құрап отыр.
Саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында Шайдана бастауыш мектебі мен Қ.Сартбаев атындағы орта мектеп қазіргі таңда талапқа сай құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ Сеңгірбай мен Шайдана елді мекендерінен 133 оқушыны білім ордасына тасымалдау үшін арнайы екі автобус қарастырылған. Көпбалалы отбасылардан шыққан 40 оқушыға бір мезгіл ыстық тамақ беріліп отыр.
Мектепке дейінгі балалар «Жауқазын» балабақшасы мен «Балбөбек» шағын орталығында тәрбиеленуде. Денсаулығына шағым айтып келген тұрғындарға 10 келушіге арналған Ащыбұлақ дәрігерлік амбулаториясы мен Шайдана ауылдық медициналық пункті қызмет көрсетеді.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші десек, округте 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны 507 адам, яғни жалпы халық санының 23,1 пайызын құрайды. Ауыл жастарын спортқа баулу мақсатында «Шайдана-Алмаз» спорт кешені мен Ащыбұлақтағы ашық спорт алаңы қызмет көрсетеді. Округімізде қазақ күресінен Республика жеңімпазы, қол күрестен екі әлем чемпионы бар екенін, өнер саласындағы бірқатар майталмандарымызды мақтанышпен айтамыз.
Қарасу ауылдық округі әкімінің аппаратына мемлекет тарапынан 2020 жылға жоспарланған шығыстары 139 млн 431 мың теңгені құраса, 7 айдың қорытындысы бойынша 102 млн 800 мың теңге игерілді. Қысқаша тоқтала кетсек, «Елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша 3 млн 800 мың теңге қарастырылған. Абаттандыру және көгалдандыру жұмысына 530 мың теңге жоспарланған. «Автокөлік жолдарының жұмыс жасауын қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша 100 мың теңге қаралды. Сонымен қатар «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Ащыбұлақ ауылынан саябақ салуға 2 млн 941 мың теңге бөлініп, бұл қаражат толық жұмсалды. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Шайдана ауылы Абай көшесіне тұрғындардың өтініші бойынша 3 млн 894 мың теңгеге жол жабындысы төселді.
Мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Ащыбұлақ ауылындағы Қапал, Ә.Әлімбаев көшелерінің бірінші бұрылысын, И.Елубаев пен С.Көпбергенов көшелерін ағымды жөндеу жұмыстарына 40 млн 584 мың теңге бөлініп, жергілікті жерден 8 адам жұмысқа тартылса, округ аумағындағы «Марқабай» каналының механикалық тазалық жұмыстарына 5 млн 106 мың теңге бөлінді. Аталмыш бағдарламамен Ащыбұлақ ауылына көшеішілік газ құбырын тарту жұмыстарына округ аумағынан 27 азамат алынды. Келесі жылы бұл жұмыстар Шайдана ауылында жалғасын тауып, екі ауылға бір мезетте көгілдір отын пайдалануға берілмек.
Тағы бір айта кететін жайт, облыс әкімінің «Асарлатып үй салу» жобасы аясында ауыл тұрғындары ұйымдасып, «Алтын алқа» иегеріне арнап тұрғын үй салуда. Тұрғындардың ауызбіршілігінің арқасында қорға 9 млн теңге жиналып, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Енді ашылу салтанатын жоғары дәрежеде өткізуді жоспарлап отырмыз.

Самат Селеубаев,
Қарасу ауылдық округінің әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.