Отбасымен бәрі ұста

0

Бар болғаны 23 жасар жігіттің есімі он саусағы шебер ұста ретінде төңірекке тегіс тарап үлгеріпті. Оның өзге шеберлерден ерекшелігі ат әбзелдеріне ерекше көңіл бөлетінінде. Атқа қолайлы ер жасап, тоқым, ішіктерін де өзі пішеді. Жүгеннің неше түрін өрнектеп, тартпа, үзеңгі, таралғы дейсіз бе, бәрін жасайды. Сондықтан, ат әбзелдерін жасайтын жас ұста, Жамбыл ауданы, Өрнек ауылының тұрғыны Әлмұхан Кенжебекті аттай қалап іздеп келетіндер көп.
Бұл нені білдіреді? Қазақтың атқа міне бастағанын, тұлпарға қатысты құндылықтарды іздей бастағанын көрсетеді. Әлмұхан неге ұсталық жұмысын ат әбзелдерінен бастап отыр? Оның атқа мінуге деген қызығушылығы қанында бар. Әкесі Бауыржан ауданға белгілі көкпаршы. Ал өзі де атқа мініп, көкпар тартады. Яғни, бұл әулет Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғандай, атқа міну мәдениетінің нағыз үлгісі. Әлмұхан бір ат ұстайтын азаматқа қажетті ер –тұрман, тартпа, тоқым, ішік,жүген, таралғыны тегіс жасайды. Бір атқа қатысты әбзелдердің жиынтық бағасы – 35 мың теңге, шығынына 15 мың теңге кетеді екен. 35 мың теңгенің жұмысын Әлмұхан ештеңеге алаңдамай кіріссе, үш күнде жасап шығады екен. Бұл дегеніңіз айына 10 ат әбзелдерінің жиынтығы жасаласа, өз үйінің алдындағы шеберханада жүріп, айына 200 мыңнан астам таза табыс табады деген сөз. Әлмұхан «Еңбек» бағдарламасы бойынша 555 мың теңге қайтарымсыз грант алып, оған ат әбзелдеріне қажетті тігін машинасын сатып алыпты. Бұл оның жұмысын жеңілдетіп, ісінің өнімділігін арттырыпты. Әлмұханның өнімдеріне Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарынан, өз облысымыздың барлық аудандарынан тапсырыс берушілер көп.
Бұл отбасында барлығы ұста. Әкесі Бауыржан әр аулаға қажетті қақпа жасайды. Бауыржанның зерлі, әдемі қақпаларына сұраныс көп. Бір қақпаның бағасы 200 мың теңгеден кем емес (шығынын қоса есептегенде). Ал Бауыржанның үлкен баласы Баймахан кірпіш құяды. Кірпіш құятын арнайы аппараты бар. Тәулігіне 200-300 кірпіш құйып тастайды екен. Оның бәрі қып-қызыл табыс екені белгілі. Баймахан мен Әлмаханның анасы Ләйлә Бақытқызы ғана – ауылдық кітапхана меңгерушісі. Істің көзін, табыстың өзін тапқан азаматтарға қалай сүйсінбессің. Баймахан да, Әлмұхан да әлі отбасын құрып үлгерепті. Әлі жарқыратып автокөлік те мінбепті. Себебі, олар ата-ана байлығына емес, өз күштеріне сенеді. Бірақ, осындай еңбеккеш, он саусағы шебер азаматтарды ұнатып қалатын қыздар аз емес шығар. Әзірге өздерін дамытып жүрген ағайынды екі жігіт қалың малды еселеп жинап жатыр.
– Қазіре есіктің алдындағы сарайда еңбек етіп жүрмін. Болашақта өзімнің ыңғайлы, кең, жайлы шеберханам болса деймін. Сапалы ат әбзелдерін жасай білсем, оған сұраныс берушілердің көбейе беретініне көзм жетті. Енді осы мақсат жолында тер төгемін, дейді Әлмұхан Кенжебек.

Дүйсенбек Орманов,

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.