Экономикалық тұрақтылықты сақтап қалу – міндет

0

Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын талқылауға арналған аппарат жиынын жүргізген аудан әкімі Сәкен Арубаев ел азаматтарының бұл Жолдаудан экономикалық күйзелістен, ауыр пандемиядан және әлеуметтік мәселелерден кейінгі одан әрі дамудың маңызды сұрақтарына жауап іздегенін және сол жауаптарды алғанын айтты. Президент өзінің мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласына қатысты ой-пікірлері мен тың идеяларын, ұсыныстары мен тиісті органдарға арналған тапсырмаларын ортаға салып, көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға тиянақты әрі көңілге қонымды жауап қайтарғанын жеткізген Сәкен Қаланұлы сөзді облыстан келген ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне берді.
Аудан активі алдына шыққан Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіров, облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Сайлаухан Ашанов, Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков бұл Жолдауда елдегі жағдайға барынша айқын және кеңінен талдау жасалғанын, елдің экономикалық және әлеуметтік саладағы, мемлекеттік басқару, қаржы саласындағы дамуын тежейтін барлық нақты себептер көрсетілгенін тілге тиек етті.
Жолдау жүктеген бірінші кезектегі міндеттер – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу. Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын әлеуметтік әділеттілік, тиімділік және бәсекеге қабілеттілік басымдықтарына негізделген сапалы жаңа вектор мен дамудың стратегиясын белгіледі. Заңның үстемдігі, адам құқықтарының сақталуы мемлекеттік басқарудың жаңа моделі мен азаматтардың мүддесін қорғайтын әділетті мемлекет арқылы жүзеге асырылады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» үлгісі мемлекетті басқаруға азаматтық атсалысумен толықтырылмақ. Бұл тұрғыда жергілікті өзін өзі басқаруды дамытуға, атап айтқанда, азаматтардың өздеріне тікелей қатысты мәселелерді шешуге қатысу мүмкіндігіне баса мән беріледі.
Азаматтық қоғамның 2025 жылға дейінгі даму концепциясын жасау мәселесін көтерген Президент еліміздегі әрбір алтыншы отбасының балаға зар болып жүргенін айтып, ажырасулардың 20 пайызға жуығы соның кесірінен болатынын атап өтті. Отбасылық саясат тұрғысынан алғанда бірінші кезекте отбасылық-демографиялық жағдайды көтеру керек. Осыған орай «Аңсаған сәби» бағдарламасы еліміздегі балаға зәру отбасыларға үлкен көмек болмақ.
Аппарат кеңесіне келген алқалы топ төтенше жағдай кезінде жанкештілікпен еңбек еткен дәрігерлердің ерлігін, індет салдарынан өскелең ұрпақты қашықтан оқытып жатқан ұстаздар ұлағатын айта келіп, Президент олардың жалақысын арттыруды қолға алғанына ризашылығын білдірді. Бұған қоса, экономика бәсекелестік арқылы, өндіріс өрлеген, кәсіпкерлік дағдылары қалыптасқан жағдайда дамитынын атап көрсетті.
Барша азаматтың белсенділігі мен санамыздың жаңғыруын қамтамасыз ету – баса назар аударатын нәрсе. Шешімдер қашанда халықтың қажеттілігінен туындайды. Олардың қатарында шағын және орта бизнесті қолдау, аймақтарды дамыту, баспанаға қолжетімділік, білім деңгейін көтеру, экологиялық сауаттылықты арттыру сияқты келелі мәселелер бар.
Қазіргі басты мәселе – Жолдауда, яғни үлкен стратегиялық маңызы бар құжатта Мемлекет басшысы әр сала бойынша не істеу керектігін көрсетіп берген тапсырмаларды жүзеге асыру. Олардың қалай орындалатыны халқымыздың ұйымшылдығы мен іскерлігіне байланысты. Жиында осындай ой түйінделді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.