Қаракемердегі келелі іс

0

Адамға талай жерді көрген артық,
Танысып әкімдерді білген артық.
Мысырға патша болып тұрсаңдағы,
Болмайды туып-өскен жерден артық.
Иә, біз – қазақ деген қырда қой баққан елміз, жүйрік жаратып, қымызға бие байлатқан елміз. Осындай киелі мекенде тұрып жұлдызы сөнбеген, әлеуеті төмендемеген ұлы қазақтың болашағы жасампаздықпен алға баспақ.
Ауылдың өрелі ісімен таныстырған Қаракемер ауылдық округінің әкімі Жәнібек Әуелбаев Қаратаудың солтүстік бөктері арқылы өтетін керуен жолы бойындағы ірі сауда мен қолөнердің орталығы болғандығын ауыл маңынан керамикалық ыдыстардың, тиындардың табылғандығымен байланыстырады. Оңтүстік батысына қарай 2 шақырым қашықтықта орналасқан VII-XII ғасырдағы Адахкент қаласының орны бар екенін айтады.
Негізі, бұл ауылда биік құм кемері болғандықтан, ауыл Қаракемер деп аталып кеткен. Жері жазықтар мен төмпешіктер, сайлар мен ойпаңдар болып келеді. Талас ауданымен шекаралас Мойынқұм құмды алқабына ұласады. Округіміз Қаракемер, Құмтиын және Сеңгірбай ауылдарымен біріккен. Аумағы 42533 гектарды құраса, аула саны – 447, ағымдағы жылдың есебі бойынша 3281 адам тұрады. 105 шаруа қожалығы бар, оның ішінде 66 қожалық егін ексе, қалғандары мал шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ округте 228 зейнеткер, 76 көпбалалы ана, 482 жас, әлеуметтік жәрдемақы алушы 35 адам бар. Ризығын малдан айырған тұрғындар 39483 бас қой-ешкі, 2961 бас мүйізді ірі қара, 1543 бас жылқы және 6996 үй құсын өсіріп отыр.
Тұрғындар ауызсуды піспе құдық арқылы тұтынып келеді. Бүгінде ескі құбырды жаңалап ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттарына қаражат бөлінді. Құжаттар сараптамадан өткен соң әрбір үй таза ауызсуды тұтынатын болады. Құмтиын ауылы 2018 жылдан бері табиғи газды пайдаланып келсе, биыл Қаракемер ауылына газ құбыры тартылып, Б.Сабаев көшесінің бойына ШРП орнатылды. Сондай-ақ Қаракемер ауылында Тараз-Саудакент трассасы бойы және орталық көше жарықпен қамтамасыз етілген. Ауылішілік көшелер асфальтталған. Биыл газ құбыры тартылуына байланысты Ә.Молдағұлова мен М.Мәметова көшелері, сондай-ақ Құмтиын ауылындағы Т.Мұсабекұлы және Ә.Батырұлы көшелері келер жылы асфальттанады деп жоспарлануда.
1985 жылы салынған Төле би атындағы орта мектепте 47 мұғалім 288 балаға, Құмтиын ауылындағы №2 мектепте 30 мұғалім 131 балаға білім беріп, жас ұрпақты тәрбиелеуде. Мектептерге бүгінгі таңға көмір түсіріліп, қысқа дайындық жұмыстары толық орындалған.
Ауылдық округ әкімі аппаратында 6 мемлекеттік қызметкер, яғни, 6 бас маман жұмыс істейді. Сонымен қатар округте 1 балабақша, 2 шағын орталық, 50 келушіге арналған 1 дәрігерлік амбулаториялық пункт, 2 кітапхана халыққа қызмет көрсетуде. Округіміздің тыныштығын күзетіп жүрген 1 учаскелік полиция инспекторы мен 1 ювеналды полиция инспекторына халық дән риза. Сонымен бірге ауылда Қаракемер мешіті, Құмтиын ауылында Ботабай мешіті, 1 телефон подстанциясы, 2 шағын спорт алаңы, 2 балалар ойын алаңы бар.
Қаракемер футбол командасын құрған жаттықтырушы Ғани Садықовтың еңбегі зор. Команда аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда үнемі жүлделі орындарды иеленуде. Бұдан бөлек, ауылымызда нәсібін кәсібінен тауып жүрген өнер иелерін де айтуға болады. Бұған мысал, Сәуле Рысқұлова әжейдің тігіп отырған құрақ көрпелері көптің көңілінен шығып, үлкен көрмелерге де қойылған. Ол облыстық «Көрпефест» байқауында жүлдеге ие болып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Алғыс хатын да алды. Сол сияқты мемелекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, кәсібін жандандырып отырған отбасылар да жетерлік. Солардың бірі – Жұмағали Омаров. Ол мал басын көбейтіп, бағдарламаның ет бағыты бойынша жылқы бордақыласа, «Денвер Т» шаруа қожалығы тамшылатып суару арқылы 20 гектар жерге пияз егіп, мол нәтиже күтуде. Ал, «Дүзей» шаруа қожалығы бүгінде ұсақ мал мен ірі қара асырап, шаруашылығын кеңейтуде. Бұл шаруашылықтың бір ерекшелігі, ауыл маңына орналасқан базына «КазАгроБарс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің фирмасынан алған күн сәулесімен қуатталатын батарея арқылы электрмен жарықтандырылып отыр. Электр қуаты арқылы суды да, кір мәшинесі мен тоңазытқышты да, теледидарды да қосып, рахатын көруде.
Ауылда 6 азық-түлік дүкені халыққа қызмет жасағанымен, үлкен көтерме сауда дүкендері жоқ десе де болады. Осы орайда ауылдың белді азаматы Шохан Дүйсенбиев игі істі қолға алып, ұн, қант, жем сататын үлкен көтерме сауда дүкенін ашуды көздеп, бүгінде дүкеннің құрылысын аяқтап қалды.
Жағымды жаңалықтың бірі, жақында «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС соғып жатқан 90 келушіге арналған ауылдық клуб ел игілігіне беріледі. Бүгінде бой көтерген клубтың тек ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары қалды.
«Ауылда адам бар болса – ауыл ада болмайды,
Ел иесі бар болса – елі ала болмайды» дегендей, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Құмтиын ауылынан көпбалалы анаға тұрғындардың көмегімен үлкен үй салынуда. Сауапты іске белгілі кәсіпкерлер де үлестерін қосып келеді.
Жалпы, ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, ата-бабаларының ісін әрі қарай жалғасып, ел игілігін арттыра беретін сенімді, саналы ұрпақ өсіп келе жатқаны қандай жақсы. Бұл да рухани жаңғырудың бір көрінісі емес пе?!
Ауылдағы халықтың әлеуетін көтеретін әлі талай тірлік жоспарда бар. Десе де бұл мәселелер кезеңімен орындалып, ынтымақпен шешіледі деген сенімдемін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.