Жалпақтөбеліктер асарлатып үй салуда

0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Асарлатып үй салу» жобасы ауданда сәтті жүзеге асуда. Бүгінде ауылдастардың ауызбіршілігінің арқасында әр ауылдық округте бір-бір үйден бой көтеруде. Жуырда біз Жалпақтөбе ауылында салынып жатқан үйдің құрылысымен танысып қайтқан болатынбыз. Табантасы төселіп, қабырғасы қаланып жатқан үйдің көлемі атшаптырым болмаса да, бір отбасына жетерлік бөлмелері, 6 соттық жер телімі бар. Үй ауыл шетінде емес, орталық көшеге жақын орналасқан.
Полатқосшы ауылдық округінің әкімі Ержан Данаев: «Үйдің ауыл шетінде емес, орталық көшеге жақын орналасқанын қаладық. Өйткені, кез келген ауыл тұрғыны осы үйдің асарлатып соғылғанын, қазақтың қанында бар қасиет әлі де жойылмағанын білсін, сезінсін», – деді.
Жалпақтөбе ауылы береке-бірлігі жарасқан елді мекендер қатарынан. Қандай іс болмасын, ауылдың қариясы да, жасы да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып белсене араласып кетеді.
– Құрылысқа қажетті материалдарға жергілікті тұрғындар, кәсіпкерлер қолдау көрсетуде. Әсіресе, Жамбыл ауданының Құрметті азаматтары Абдухалил Маюфи мен Сәпілмәлік Тәжиевке, аудандық мәслихаттың депутаты Рамазан Ашировке, ауыл имамы Рахматулла Каримовке, ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Хайрулла Азимовке алғысым шексіз. Үйдің құрылысы басталған күннен бастап осы кісілер жөн сұрап, әкімшілікке жиі келетін болды. Ақыл-кеңесін айтып, үйді жылдам бітірудің жолдарын қарастырамыз. Негізі, жыл соңына дейін үйді толық бітіріп, бір отбасына қуаныш сыйлайтын боламыз, – деді Ержан Әлімжанұлы.

Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.