Тұрғындар тілегі қашанда маңызды

0

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, қарашаның сауал-тілек, өтініштерін тыңдау мақсатында және облыс әкімінің тапсырмасымен ауданымыздағы 5 елдімекенде көшпелі қоғамдық қабылдаудың өтіп жатқанын газетіміздің алдыңғы номерінде жариялаған болсақ, тұрғындарды қабылдау сенбі, жексенбі, дүйсенбі күндері Қаракемер, Ащыбұлақ, Тастөбе ауылдарында жалғасын тапты. Қараша халықты алаңдатқан мәселелерді анықтауға және шешімін табуға аудан әкімі Сәкен Арубаев, аудан прокурорының орынбасары Болат Мұстафаев, аудан әкімдігі полиция бөлімі, экономика және бюджеттік жоспарлау, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, мәдениет және тілдерді дамыту, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің, Халыққа қызмет көрсету және Жұмыспен қамту орталығының басшылары мен мамандары қатысып, ауыл азаматтарын жеке сұрақтарымен қабылдады.
Аптаның соңында қаракемерліктер Төле би атындағы орта мектептің алаңында жоспарланған қыбылдауға көптеп жиылды. Ауданның Құрметті ардагері Ошақбай Ыбырайымов облыстық маңызы бар Тараз-Ақкөл-Саудакент бағытындағы трассаға жол белгілерін орнату, аталмыш мектепке және ауылдық мешітке газ құбырын тарту мәселесін көтерсе, спорт жанашыры Нұржан Қазақбаев спорт кешенінің түпкілікті орнын ауылдың көрнекі жеріне орналастыру, көгілдір отынның қолданысқа берілетін уақытын сұраса, ауыл тұрғыны Дінахмет Өтемғалиев еңсе көтеріп келе жатқан ауылдық клуб түрлі үйірмелермен толықса деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар Досхожа Тоқбергенов, Тұрдалы Туғанбаев, Көшкінбай ақсақал кәсіпкерлік нысан ашу, жер учаскесін рәсімдеу, агрохолдинг құрылымының жайы туралы сөз қозғады.
Жексенбі күні Ащыбұлақ ауылдық клубтың жанында бас қосқан топ ауыл тұрғындарының сауалдарын назарға алды. Қабылдауға келген «Сәтбай ата» мешітінің имамы Тұрғынбек қажы Оңғарбаев ауыл маңында «Ділдабай» каналының атауын қайтару, Шайдана ауылындағы Абай көшесін жарықтандыру керектігін алға тартса, байырғы тұрғын Сәли Тубаев, Әлиомар Есенаманов, Қуаныш Жүржаев Қапал, Әшімәлі, Жамбыл көшелеріндегі электр бағаналары сын көтермей тұрғанын айтып, дабыл қақты. Кәсібін өрге домалатқысы келетіні туралы айтқан Мейіржан Үкібаев алдағы жоспарымен бөлісіп, қолдау сұраса, ауылдық клубтың мәдени ұйымдастырушысы Гүлсім Қондыбаева өнер ордасын газбен қамтамасыз етуін өтінді.
Тастөбеліктер сауалдарына жауап табу үшін ауылдық клубтың маңында басқосты. Сауалдардың басым көпшілігі жер телімін рәсімдеу, атаулы әлеуметтік көмек, егінсу, ауыз мәселелері айналасында болды.
Жалпы қабылдау бойынша аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесіндегі аудан әкімінің бас инспекторы Тимур Тұрсынбековтың айтуынша, 77 тұрғын 82 сауал жолдап, тұщымды жауаптар алған.

Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.