Еңбек Ерлері шыққан мекенде

0

Ерназар ауылынан кезінде 8 Социалистік Еңбек ері, 4 Жазушылар, 7 Журналистер одағының мүшесі, 6 ғылым докторы мен кандидаты, 50-ден астам орден, медаль иелері, тіпті, еліміздің тұңғыш Сенат Төрағасы шыққанын, егіндігі 15000 гектарға орналасқанын, жайылымынан 62 отар қой, үйір-үйір жылқы мен табын-табын сиырдың, 1000-ға жуық түйенің өріс тапқанын біреу білсе, біреу білмес.
Тарих бетін ақтара қалсаң осылай сөйлейді. Ал, ауылдың бүгінгі деңгейі қандай? Тұрғындардың тұрмыстық жағдайы қалай? Жастарымыз немен айналысуда? Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты ма? Бұл туралы Ерназар ауылдық округінің әкімі Мырзахан Әбдіқұлов былай деді.
Өткенді еске алмай, болашақты болжай алмайсың. Расы керек, бұрынғы шаңы аспанға көтерілген көшелер бүгінде асфальтталған, май шамның орнында электр жарығы жарқырап тұр. Аталарымыздың өмірі ат үстінде өтсе, қазіргі жастар темір тұлпарды тізгіндеп жүр. Осыдан-ақ ауылдың түлегенін, тұрмыстық жағдайдың жақсарғанын анық аңғаруға болар. Демек, кешегі мен бүгінгіні әсте салыстыра алмайсың. Ал, болашағымыздың берекелі болуы – өз қолымызда.
Жасырары жоқ, ауылда әркім көрпесіне қарай көсіліп өмір сүріп жатыр. Араларында еңбекке құлшынысы ерекше жандар көп болғанымен, «Алма піс, аузыма түс» дейтіндер де кездеседі. Соның айғағы, жұмыссыздар санатына ауылдың 35 азаматы тіркелген.
Ауыл бойынша 297 аула болса, ондағы тұрғындар саны 1697 адамды құрайды. Жалпы жер аумағы – 36682 гектар. Шаруа қожалықтар саны – 75. Олар 24211 гектар жерге егін егіп, мал өсіріп отыр. Оның ішінде 3500 гектары – егістік жерлер. Округ бойынша 15484 қой-ешкі, 1314 мүйізді ірі қара, 786 жылқы, 92 түйе, 2015 үй құсы бар. Ауылда 64 көпбалалы ана, 189 зейнеткер, 61 мүмкіндігі шектеулі жан болса, жастар саны – 472 адам. Орта мектепте 49 мұғалім 308 оқушыға дәріс берсе, бөбекжайда 52 бала тәрбиеленуде. Сол балғындар тәрбиеленетін «Жәнібек» бөбекжайы биыл ағымды жөндеуден өтіп, жаңарып, жасарып қалды. Он келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пунктте үш медицина қызметкері халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Ауылдық клуб қызметкерлерінің де жұмысы жүйеге қойылған. 8341 дана кітап қоры бар кітапханадан оқырмандар үзілмейді десе де болар. Пошта байланыс бөлімшесінің де жұмысы жүйелі.
Тұрғындардың тыныштығын күзетіп жүрген төрт учаскелік полиция инспекторының қызметіне халық риза. Ауыл жастарының спортпен шұғылдануына ерекше көңіл бөлініп келеді. Орталықтағы шағын футбол алаңы, спорттық құрылғылары ауыл жастарының ұдайы жаттығуына мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ Б.Кейкиев атындағы орта мектептің спорт залы да дайын. Халық қажетін өтейтін 3 азық-түлік дүкені қызмет көрсетуде.
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері үшін биылғы жыл жайсыздау болды. Егінсу тапшылығы қатты сезілді. Шөп дайындаудағы көрсеткіш көңіл көншітпеді. Жұрттың көбі сырттан тасымалдады. Бұрындары ауылымызды көпшілік «Шөптің отаны» деуші еді.
Көпшіліктің ендігі тілегі сол, олар да бесағаштықтар сияқты «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы негізінде тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін 2,5 пайызбен несие алғысы келеді. Сондай-ақ, олар ауыл мен Қаратау қаласы арасындағы жолдың жөнделуін күтіп жүр.
Осылайша, жақсы тілек, жақсы ниетпен өмірге көзқарасын қалыптастырған ерназарлықтар келешектен үміт күте отырып «Адам адамға дос, бауыр» деген аталы сөзге тоқтаған. Соның жарқын айғағы, бір ауыл тұрғынына «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша көптеп көмектесуде. Бүгінде ол үй аяқталуға жақын. Бұл ауыл азаматтарының ынтымағы мен бірлігін көрсетсе керек. Осындай азаматтар барда ауылдың ажары ашылып, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсара түсетіні даусыз.
Үкімет, облыс, аудан басшылары тарапынан жасалынып жатқан жақсылықтар аз емес. Мәселен, ауылдағы 8 көшенің 4-еуі асфальтталған. Ауылда ауызсу бар болғанымен, су құбырының тозығы жеткен. Көшеде жарық та бар. Газ мәселесі де шешіліп келеді. 35 шақырым жердегі Аса ауылынан біздің ауылға тікелей тартылып жатқан газ құбыры ауыл орталығына келіп жетті. Халықтың қуанышында шек жоқ. Олар көгілдір отынды биыл болмаса да, келер жылы үйді-үйлеріне кіргізіп аламыз деп отыр. Елді мекенде 18 адам әлеуметтік жәрдемақы алса, 4 азамат жеңілдетілген несие алған, 24 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 10 азамат жастар тәжірибесі арқылы жұмысқа тартылған.
Ауылға келген қонақтар ауылды «Ескерткіштер ауылына» балайды. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, Социалистік Еңбек Ерлеріне, Батыр аналарға арналған аллея, «Белгісіз солдат», «Ана» ескерткіштері мен Социалистік Еңбек Ері Байгелді Кейкиевтің мектеп алдындағы ескерткіш-бюсті өткен тарихымыздан сыр тартып тұр.
Ауылдың ажарын аша түсетін көркем көріністің бірі – көшелердің тазалығы болса, бұл тұрғыда орталық Әбдіхайым көшесінің бүгінгі келбеті мен тазалығы келіп-кеткендердің көңілінен шығуда. Келер жылы Қошманбетов көшесін толық, Ақшуақ-ана көшесінің өткен жылдан қалған бөлігін асфальттау, тозығы жеткен су құбырын ауыстыру және басқа да мәселелер жоспарда бар. Таяу уақытта ауылға интернет желісі тартылатын болды. Бұл мектепте білім алатын оқушыларға жақсы болғалы тұр.
Мәселелердің шешімін табуына мұрындық бола білген ауылдық ардагерлер кеңесі, аналар алқасы, жастар кеңесі, ауылдағы мекеме басшылары және ауылдың белсенді азаматтары нағыз көмекшілеріме айналған. Олар керек кезінде ақыл-кеңестерін беріп, ұсыныс-пікірлерін бүкпесіз ортаға салады. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» десек, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» отырып, болашаққа нық қадам бассақ, біз аспайтын асу, шықпайтын биік қалмайтын шығар. Өйткені, барлық игілік адамдардың қолымен жасалады.

Мырзахан Әбдіқұлов,
Ерназар ауылдық округінің әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.