Оқу жылын ойдағыдай өткізген жөн

0
Аудан әкімі Сәкен Арубаевтың төрағалығымен өткен аудан әкімдігі мәжілісінің күн тәртібіне 4 мәселе енгізілді. Негізгі мәселе – аудандағы білім беру мекемелерінің 2020-2021 оқу жылына дайындығы туралы хабарлама жасаған аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова қазіргі нақты жағдайға кеңінен тоқталды.
Хабарламашының айтуынша, ауданда жаңа оқу жылында 16701 оқушыны қамтитын 38 мектеп жұмысын бастағалы отыр. Шағын жинақталған мектептер мен оқушы саны 250-ден төмен 16 мектепте 1295 оқушы дәстүрлі түрде оқыса, 22 мектепте 15406 оқушы қашықтан оқытылатын болады. Қашықтан оқытатын мектептердің бастауыш сыныптарында кезекші сыныптар ашылады.
Пандемияға байланысты мұғалімдер мен оқушылардың санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аудандық бюджеттен қосымша қаралған қаражатқа 309 жылжымалы кварц, 46 дезинфекциялық тунель жабдығы мен залалсыздандыру төсеніші, 49 тепловизор құрылғысы, 2470 литр антисептик сұйықтығы сатып алынды.
Оқушылар оқулықтармен және әдістемелік құралдармен толық қамтамасыз етілді. «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларына демеушілер есебінен көмек көрсетілуде.
Жаңа оқу жылына Түрксіб ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Бұған қоса, Жамбыл ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен бой көтерген 100 орындық жаңа мектеп пен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен қайта жаңғыр­тылып жатқан «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының» игілікке берілу күні алыс емес.
Раушан Пернешқызы биыл 10 мектептің ағымды жөндеуден өткізілгенін, білім беру мекемелерінің барлығына бейнебақылау камералары орнатылғанын, жылыту маусымына дайындықтың жүйелі жүргізіліп жатқанын, мектеп сыртындағы әжетханаларды ішке кіргізу бойынша жоспарлы жұмыс тиянағын тапқанын нақты деректермен баяндап, шешімін күткен мәселелер бойынша ұсыныстарын білдірді. Олардың қатарында интернеті жоқ елді мекендерде сымсыз WI-FI интернет желісін орнатуды қарастыру, интернет жылдамдығына зерделеу жүргізу, Түрксіб ауылындағы №6 мектеп-гимназиясына оқушыларды тасымалдауға автобус беру мәселелері бар.
Мәжілісте талқыланған екінші мәселе – аудан көлемінде бұқаралық спорттың жай-күйі, жастар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдану барысы туралы аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Қайрат Ержігітов хабарлама жасады. Ол өңірде дене шынықтыру және спортпен айналысатындар санының артып отырғанын жеткізді. Қазір аудан аумағында 158 спорт нысаны жұмыс істесе, енді таяу уақытта «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынып жатқан спорттық-сауықтыру кешені халық игілігіне берілмек. Ал, Аса және Түрксіб ауылдарындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 1701 бала спорттың бірнеше түрінен жаттығуда.
Биыл пандемия салдарынан жоспарланған спорттық іс-шаралардың көбі өтпей қалды. Дегенмен саламатты өмір салтын насихаттау бағытында әуесқой командалар арасында волейбол, баскетбол, бокстан аудан біріншілігі, шахмат пен дойбыдан, қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыс және аудан біріншілігі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аула ойындары, ұлттық спорт түрлерінің фестивалі, дзюдодан, жартасқа өрмелеуден облыстық турнирлермен қатар бұқаралық сипаттағы жоспарлы іс-шаралар өткенін айта кеткен жөн.
Білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы мәселесінің маңыздылығына мән берген Сәкен Қаланұлы тиісті сала жетекшілеріне қазіргідей күрделі кезеңде оқу үдерісін қатаң қадағалауды тапсырды. Бұқаралық спортты дамыту бойынша кемшін тұстарды атап көрсетіп, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігіне назар аударды.
Әкімдік мәжілісінде қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.