Ақынды ұлықтаған кеш

0

Қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы елімізде жоғары деңгейде насихатталуы тиіс. Бұл турасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі зор ықыласпен айтып отыр. 

Қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы елімізде жоғары деңгейде насихатталуы тиіс. Бұл турасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі зор ықыласпен айтып отыр. Расында, ұлы тұлғаның артына қалдырған мол мұралары ғылыми түрде зерттелгенімен, әлі де біз бойлай алмаған қатпарлы тұстары көп. Абайды шығармалары арқылы жете тануға, оның жанына терең үңілуге биыл мол мүмкіндік туып отыр. Ақынның жырларын тағы да бір жүйелі зерделеп, жас ұрпаққа жеткізу мақсатында жер-жерде түрлі шаралар басталып та кетті.
Солардың бірі – Қарасу ауылдық округіне қарасты Шайдана ауылының кітапханасында өткен «Қазақты әлемге танытқан Абай» атты онлайн поэзиялық марафон. Жыр марафонында белсенді оқырмандар Абдрахман Зейнеп, Әбілқасым Еркебұлан, Айжаным Асқар, Шайдана ауылының кітапханашысы Гүлмира Байболова ақынның «Айттым сәлем Қаламқас» әнін орындады.
Рухани қазынаны ұлықтаған кеш кітап көрмесімен жалғасты. Көрмеге ұлы ақынның өлең жинақтары, қара сөздері, хикмет кітаптары қойылды.
Поэзия кешінде кемеңгердің өмір жолы, шығармаларына арналған ғалым-жазушылардың 40-тан астам зерттеулері мен еңбектері жөнінде кітапхана меңгерушісі М.Ордабаева шолу жасады.
Көрме жалпы тұрақты түрде жұмыс істейді. Осы арқылы Абай туралы біліп, бай мұрасымен танысқысы келетін көпшілікке жағдай жасалған.
– Ол өзінің өлеңдерінде астарлап, терең мағыналы ұғымдармен орамды ойын жеткізе біледі. Сонысымен де Абай – дара, Абай – дана, –  деді тұрақты оқырман Әбілқасым Еркебұлан.
Кітапхана ұжымы алдағы уақытта қорға түскен барлық жаңа басылымдар осындай көрмеден орын табатынын, «келемін, көремін, Абайды зерттеймін тереңірек танимын» деген барлық оқырманға есігі айқара ашық екенін айтты.

Жәнібек АСАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.