Р.Дәулет балақайларға озат болуына тілектестігін білдірді

0

Әлемге әмірін жүргізген пандемия елімізде алғашқы қоңыраудың жаппай соғылуына мүмкіндік бермей, қашықтықтан оқуға мәжбүр етті. Десе де, шағын мектептер санитарлық талаптарды сақтай отырып дәстүрлі оқуын жалғастырады. Осыған орай 1 қыркүйек – Білім күні аудан әкімі Рүстем Дәулет осындай мектептерге арнайы барып, балақайларды құттықтап қайтты.
Жалпы, 2020-2021 жаңа оқу жылында аудан бойынша 3343 бала бірінші сыныпқа барып, алғашқы қоңырау соғылды. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 48 мемлекеттік мектептің 34-і қашықтықтан және 14-і дәстүрлі оқитын болады. Осындай дәстүрлі негізде оқитын Алға ауылдық Н.Смағұлов атындағы №34 орта мектептің табалдырығын алғаш аттап, 1 сыныпқа барған оқушыларды аудан басшысы Р.Дәулет құттықтап, оқуда озат болуларына тілектес екенін айтып, тәрбие сағатын өткізді. ҚР Білім және ғылым министрінің еліміздің барлық аймақтарында дәстүрлі түрде білім алатын мектеп оқушыларына «Достық. Отаншылдық. Тәрбие» тақырыбындағы тәрбие сағаттарын өткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аудан әкімі Рүстем Рысбайұлы №34 орта мектептің бірінші сынып оқушыларына туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттар арасында өзара келісім мен достық турасында әңгіме қозғады.
«Қымбатты жас достарым! Енді алда тұрған ұлы мақсат – ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіздікті берік сақтау үшін жастарымыздың бойындағы отансүйгіш қасиеттер керек. Қоғамда тұрақтылық болғанда ғана экономикалық даму болады. Ал, ел дамуының басында үнемі білімді азаматтар тұратыны анық. Сондықтан білімді де саналы болып өсетіндеріңізге сенімдімін», — деген Рүстем Рысбайұлы келешекте еліміздің тұтқасын ұстар жас ұрпаққа сапалы білім беру, ел ішіндегі татулық пен ұлттар арасындағы достықты, толеранттылықты насихаттау, оны оқушыларға түсіндіру жұмыстарын үзбей жүргізуде ұстаздарға артылған жүктің ауқымды екенін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.