Рүстем Дәулет оқу жылына дайындықты пысықтады

0

Аудан әкімі Р.Дәулет өткен аптаның жұма күні мен демалыс күндерін аудандағы білім нысандарының жаңа оқу жылына дайындық барысын көруге арнады. Аудан әкімінің орынбасары Б.Жамангозов пен аудан әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Е.Нұралиевпен бірге аудан орталығындағы мектептерден бастап Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Отар сынды шалғай ауылдардағы білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын көрді.
Аудан басшысының жұмыс сапарының басты мақсаты — қашықтықтан оқытуға білім нысандарының дайындығын бақылау және шалғай ауылдарда дәстүрлі түрде оқитын мектептердің санитарлық нормаларды сақтауы, дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілуін қадағалау.
Пандемияға байланысты жаңа оқу жылында оқу процесі оқушылар үшін қашықтықтан оқыту технологиясы арқылы және шалғай орналасқан ауылдарда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады. Атап айтсақ, 34 мектепте 30178 оқушы қашықтықтан оқыту технологиясы арқылы оқыса, шалғай ауылдарда орналасқан және шағын жинақталған 14 мектептерде 2102 оқушы дәстүрлі түрде оқиды деп жоспарлануда. Білім нысандарын аралау барысында аудан әкімі Р.Дәулет бірқатар мектептердің ішіндегі көрнекі-ақпараттық құралдардағы кемшіліктерді жөнге келтіруді тапсырып, ұсыныстарын да жеткізді. Атап айтсақ, Степной ауылындағы №24, Жамбыл ауылындағы №26, Бетқайнар ауылындағы №27 орта мектептер мен Арал ауылындағы №25 негізгі мектептің ішкі көрнекілік ақпараттары ескірген, тіпті грамматикалық қателер де көптеп кездеседі. Сонымен қатар, спорт және акт залдарда мүлдем ақпараттық жұмыстар жоқ деуге болады.
«Өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, саналы ұрпақ болуы осы мектепке байланысты. Сондықтан да, білім ордасына табалдырық аттаған сәттен, сыныпқа кірген кезге дейін еліміздің ұлы тұлғаларының өнегелі сөздері болуы тиіс. Әр пән сабақтарының кабинеттерінің өзінде оқушының ой-өрісін дамытуға бағытталған қанатты сөздер мен ұлы тұлғалардың портреттері тұрса оқушы соған қарап бой түзейді, саналы ойлауға ұмтылады», деген Рүстем Рысбайұлы тисті сала басшысы мен мектеп директорларына нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, аудан әкімдігінің білім бөлімінің басшысына барлық мектептер арасында осы көрнекі-ақпараттық жұмыстар туралы семинар өткізу қажеттігі туралы да тапсырма жүктеді. Осымен қатар аудан басшысы мектептің ішкі жұмысымен қатар, сырты жұмыстарына да көңіл бөліп, ауланы абаттандыруға қатысты сын-ескертпелерін айтты. Барлық мектеп директорларына санитарлық-дезинфекциялық тәртіпті қатаң сақтау тапсырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.