Хакім Абайға арнаған өлеңдерін оқыды

0

Биылғы жылы әлемнің көптеген елдері Қазақстанның бастамасымен және ЮНЕСКО-ның қолдауымен қазақтың көрнекті ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтуде. Бұл қатардан Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты мекемелер де шет қалып жатқан жоқ. Мәселен, бүгін Абай күніне орай ЖД-158/2 мекемесінде жазасын өтеуші азаматтар арасында шара ұйымдастырылды.

«Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Одан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ. Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» деп ұлт ұстазы А.Байтұрсынов айтқандай, шара барысында сотталғандар хакім Абайдың ұлағатты сөздерінен туатын тұңғиық тағылы арқылы өмір жолдарында жіберген қателіктерінің қаншалықты бұрыс болғанын түсініп жатқандарын айтып, ой бөлісті. Сондай-ақ, Ұлы ақынға арнаған арнау өлеңдерін, қара сөздерінен үзінділер оқыды.

Абайдың көз жетпес көкжиектей кең, теңіздей терең ойларын, алтындай асыл, қорғасындай салмақты сөздерін əрбір қазақ баласы, халқымыз оқып санамен, жүрекпен қабылдап өмірде рухани бағдаршамдай пайдалану керек. Абайдың өз заманында айтқан ой толғанысы қазіргі заманмен үндесіп тұруы халқының, бүгінгі ұрпақтың болашағын ойлаған кемеңгер көреген ойшыл екенін тағы бір дәлелдейді. Абай тұлғасы мен мұрасын насихаттау біздің рухани байлығымызды, мәдениетімізді халықаралық деңгейге көтеріп, ұлылығын асқақтатады. Ең бастысы өткізілетін іс-шара қазіргі қоғамға тəрбиелік маңызы зор.

Leave A Reply

Your email address will not be published.