Қордайда дертпен күрескен дәрігерлерге демеу мол

0

Күллі әлемді әбігерге салып, қалың көпшілікті күн өте үрейлендірген COVID-19 індетінің зардабы елімізді айналып өтпегені анық. «Мылтықсыз майданға» теңелген қиын қыстау кезеңде ел Үкіметі тарапынан қолдан келген шаралар қолға алынып, қауіпті дерттің таралуына барынша тосқауыл қойылуда. Қала берді, ауыл кәсіпкерлері мен қарапайым азаматтар жер жерлерде ел болып бірігіп, қайырымдылық көмек көрсетіп, игі бастамаларға ұйытқы болып жүр. Абырой болғанда ауданымызда мұндай азаматтар аз емес.
Мәселен, жерлестеріне жаны ашып, жомарттық танытқан Алға ауылының кәсіпкерлері мен тұрғындары сәрсенбі күні ауылдағы медпунктке оттегі концентраторын, 2 дана пульсоксиметр құрылғысын және қажетті дәрі-дәрмектер себетін сыйға тартты. Ауылдастарының тамаша тартуын қабыл алған медецина мекемесінің аға дәрігері Амантай Мұхамбетов оларға алғысын айтса, ауыл ақсақалы Болат Байсуанов игі істің басы-қасында жүрген жандарға ақ батасын беріп, іс-шараға қатысқан ауыл әкімі мен медицина саласының қызметкерлеріне сәттілік тіледі. Айта кетсек, 10 келушіге арналған медпункт 2014 жылы қолданысқа берілген. Заман талабына сай жабдықталған ғимаратта екпе жасау, скрининг және емшара жасау бөлмесі бар. Сондай-ақ, Ноғайбай ауылдық амбулаториясына қарасты санитарлық көлік тұрғындарға қызмет көрсетеді. Яғни, ауыл тұрғындарына ем-дом жасауға қажетті жабдықтар толықтай дерлік бар десек артық болмас.
«Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Туған жерге туыңды тік» жобасын ұсынған болатын. Оның аясында елімізде талай оңды істер атқарылды, азаматтар өздерінің туған ауылына көмек көрсетті, мұқтаж азаматтарға қол ұшын соөып жәрдемдесті. Осындай игі бастамадан шет қалмай, азаматтық танытуды жөн көрген Алға ауылының тұрғындары мен кәсіпкерлері осыдан бірнеше жыл бұрын бірігіп, қайырымдылық қорын құруды ұйғарды. Мұндағы мақсат – көмекке мұқтаж ауыл тұрғындарына қолдан келгенше жәрдемдесу болатын. Енді бүгін өздеріңіз көріп отырғандай әр кәсіпкер, әрбір ауыл тұрғыны ортақ іске үлес қосып, ауылдық медпунктке қажетті құрылғылар мен дәрі-дермек алып берді. Ауылдастарымыздың осындай ізгі амалдары өзгелерге үлгі болса екен дейміз», — дейді ауыл тұрғыны Айбек Омаров.
Мұнымен қатар, алғалық кәсіпкерлер түс ауа дәл осынжай қайырымдылық көмекті аудандық орталық аурухана ұжымына ұсынды. Атап айтсақ, олар ақ халатты абзал жандарға 1 дана оттегі концентраторын, 8 дана пульсоксиметр құрылғысын табыс етті.
Дәл осы күні аудандық орталық аурухана ұжымына Дидар Молдағалиев ауданның спорт мекемелері атынан 30 дана жеке қорғаныс құралдарын табыс етіп, ортақ іске өз үлестерін қосқанын айта кеткен жөн.

Leave A Reply

Your email address will not be published.