Қонаевтықтар қамқорлық танытты

0

Коронавирус пандемиясы қазастандықтар үшін ғана емес, күллі әлем үшін сынақ болып отырғанына бірнеше айдың жүзі болды. Бүгінгідей ел басына түскен қиын сәтте кең жүректі жомарт азаматтар халыққа қол ұшын созып, көпке жан-жақты көмегін көрсетуде. Әр өңірде белді кәсіпкерлер медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, еріктілер, жеке кәсіпкерлер, жүрегі жомарт азаматтар ауруханаға дәрі-дәрмек пен ауруханаға қажетті аппараттар алып беріп, ыстық тамақпен қамтып жатыр. Қуантарлығы, өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін азаматтардың қатары артып келеді.
Осыған орай, дүйсенбі күні Қонаев ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Кошали Гусейновтың бастамасымен және оның кәсіпкерлікпен айналысатын бауырлары Нияз, Рамазан, Фатали Гусейновтердің, олардың туыстары Нарданши Мустафаев, Радыхан Абдуллаев, Ислам Мирзоевтың қолдауымен індеттен көз жұмған марқұмдарға, ауруханада жатқан ем алушыларға және аты жаман аурудың тез арада жойылып кетуіне арнап мал сойылып, құран бағышталды (суретте).
Атаулы шараға Қонаев ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Байдәулет Досымбеков, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі Бинали Тагиров, Қонаев ауылы әкімі аппаратының қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ «Берекелі-2016» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің қасапхана иесі Дінмұхамед Әлімқожаевтың мал союға алаң ұсынғанын атап өту керек.
Жалпы, ағайынды Гусейновтер ауданда алғашқылардың бірі болып кәсіп ашқан кәсіпкерлер. Бүгінгі күні кәсіптері өрге домалап, талай шулықты жұмыспен қамтып, түрлі қызмет түрін ұсынуда. Одан бөлек, олар «Ахыска» түрік этномәдени бірлестіктің белсенді мүшелері. Ал Кошали Гусейнов бірнеше жыл бұрын бірлестікке жетекшілік етіп, талай тындырымды жұмыс атқарған.
Мұнан кейін, Б.Досымбеков сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтып, жерлестерінің ерен еңбектерін тілге тиек етті.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл күндері бір-бірімізге демеу болып, қолдау көрсетуміз қажет. Небір алпауыт мемлекеттер теңселіп тұрған бұл кезең бізге де оңай тимейтіні анық. Мемлекет басшысы мүмкіндігінше барын салып пандемияға қарсы шараларды қолға алып жатыр. Біз аға-ұрпақ өкілдері жақсылық жасап, жомарттық танытатын әрбір азаматқа қолдау көрсеттік және алдағы уақытта да қолымыздан келгенше қолдау білдіреміз»-деді ақсақал.
Соңында құран бағышталып сойылған мал еті Қонаев ауылының жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларына және жалпы тұрғындарға таратылды.
Қазіргі қысылтаяң уақыттағы жақсылыққа толы акцияның маңызы өте зор. Сондықтан, алдағы уақытта еліміздің нағыз патриоттары қалыс қалмайды деп сенеміз.

Руслан ИСКАКОВ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.