Тілегіміз ортақ

0

Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, біздің жалпыұлттық идеямыз — Мәңгілік Ел. Бұл идеяны өміршең ететін — елдің бірлігі. Бірлік болмаған, ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде береке болмайды. Біз Қазақстан халқының достығын еліміздің баға жетпес байлығы деп бағалаймыз. Себебі, түрлі ұлт өкілдерінің өзара ынтымағы, заң алдындағы теңдігі болмаса, мемлекеттің гүлденуі де болмайды. Мемлекетіміздің бүгінгі шыққан биігіне, әлем елдері алдындағы беделінің өсуінде өзге ұлт өкілдерінің де қосқан үлесі бар. Тәуелсіз Қазақ елінде тұрып жатқан, Қазақстанды туған Отаным деп сүйіп, қастерлейтін, адал еңбек етіп, Отанымыздың гүлденуіне үлес қосып келе жатқан ұлттың бірі – әзірбайжан ұлты. Әзірбайжан ұлтының қазақ жеріне келу тарихы тереңде жатыр. Сонау 1937-1938 жылдары Кеңес Одағының басшысы Сталиннің нұсқауымен жүргізілген жаппай саяси қуғын- сүргіннің кесірінен қаншама адам жазықсыз жазаға тартылды, жалған айып тағылып, абақтыға жабылды, көпшілігі атылды, жер аударылды. Ауданымызда бүгінгі күні әзірбайжан ұлтының жүзден аса өкілі тұрып жатыр. Түбі бір түркінің ұрпағы — бауырлас халықтың Қазақстан жеріне, оның ішінде біздің өңірімізге қоныс аударуын үш негізгі кезеңге бөлуге болады. Алғашқы лек — өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарындағы сталиндік репрессия кезінде елімізге депортацияланғандардың буыны. Олар Қазақстанның оңтүстігіндегі Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарына жер аударылған еді. Екінші буын — 60-ыншы жылдары кеңестік ұранмен, комсомолдың жолдамасымен тың жерлерді игеруге келгендер. Олардың арасында білім алу, әскери борышын өтеу мақсатымен алыс жолға шығып, жаңа мекенге бауыр басып қалып қойғандар да бар. Соңғы лек — Кеңестер Одағы ыдыраған шақта қоныс аударғандар. Бүгінде Қазақстанда, Шу өңірінде тұрып жатқан әзірбайжан ұлтының өкілдері осы саяси қуғын-сүргіннің құрбандары болып, қайғы-қасірет шегіп, жер аударылып келгендер. Олар Қазақстанға тауарлы поезбен жеткізілді. Ол кезде жергілікті қазақ халқы да қиын жағдайда еді. Бірақ олар өздерінің кең пейілді, бауырмал қасиеттерімен бізді үйлерінің бір бөлмесіне кіргізіп, бір үзім наны бар болса жартысын үзіп берді. Сөйтіп қазақ халқымен бірге еңбек етіп, бірге оқып, бүгінгідей дәрежеге жетті
Ауданымыздағы әзірбайжан ұлтының өкілдері ел қатарлы күндерін кешуде. Олар экономиканың барлық саласында қызмет етеді. Құрылысшылар да, дәрігер де, экономист те, әскери қызмет атқарушылар да бар. Кейбіреулері жер алып, ауыл шаруашылығы саласында тер төгуде. Ғасырлар күтіп, әзер қол жеткен азаттықтан айырылып қалмау үшін ішкі татулықты да, сыртқы татулықты да көздің қарашығындай сақтай білу керек. Қазақстанның қай жерінде жүрсем де менің қазақ достарым, жолдастарым аз болған жоқ. Мен олардың қонақжайлылығына, кеңпейіл мінезіне тәнті боламын, ерекше құрметтеймін. Нәсіліне, ұлтына, наным-сеніміне қарамастан біз бір үйдің баласындай болуымыз керек.

Г.МУХАМЕДЖАНОВА,
«Әзірбайжан» этномәдени бірлестігінің жетекшісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.