Медицина мекемелері жаңа жабдықтарға қол жеткізді

0

Науқастарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында ауданда іргелі істер атқарылуда. Аудан әкімі Нұржан Календеровтың бастамасымен, демеушілердің көмегі арқылы аудандағы ауруханалар жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Аудан басшысының үндеуін үнсіз қалдырмаған жергілікті кәсіпкерлер жәрдем беруді бастап та кетті. Айталық, өңірдегі емдеу мекемелеріне 15 оттегі концентраттары, 10 дана пульсоксиметр аппараттары жеткізіледі.
Сондай-ақ, Нұржан Календеров «Шұғыла» қоғамдық қоры арқылы ауруханаға қажетті қосымша 10 құрылғыға тапсырыс беріп отыр. Қазіргі таңда кәсіпкерлердің демеушілігімен ауруханалардағы 100-150 адамға ыстық тағамдар мен құнарлы азықтар жеткізілуде.
БІЛІМ ОШАҚТАРЫ БАСТЫ НАЗАРДА
Аудан әкімі Нұржан Календеров Төле би ауылындағы мекемелерді аралады. Аудан басшысы алдымен Әл-Фараби атындағы мектептің жай-күйін көрді. Ғимараты ескірген білім ордасын бұзып, қайта салу үшін келер жылдың жобасына енгізу керектігін жеткізді. Ендігі жылы заманауи үлгідегі 300 орындық жаңа мектеп бой көтереді деп күтілуде.
Осы ауылда орналасқан Сары Хасенов атындағы стадионды да көріп шыққан аудан басшысы спорт алаңшасын жаңа үлгіде жөндеп шығуды тапсырды. Әрмен қарай Сәду Шәкіров мектебінде болып, жауапты тұлғаларға спорт зал салып беруді жүктеді.
Сондай-ақ, аудан әкімі бос қалған ғимараттарды тиімді пайдаланып, кәдеге жарату керектігін айтты. Халық көп қатынайтын мекемелерді аудан орталығына қарай ығыстыруды естен шығармау керектігін ескертті.
ЕҢБЕГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАДЫ
11 шілде күні Шу аудандық ауруханасының бас дәрігері, мәслихат депутаты Айдар Мұқатаев өмірден өтті. Осыған байланысты аудан әкімі Нұржан Календеров марқұмның отбасына көңіл айтып, елеулі еңбектерін еске алып, Президент Жарлығымен берілген ІІ дәрежелі «Барыс» орденін ұлы Дәулетке табыс етті. Аудан әкімі Нұржан Календеров пен аудандық мәслихат хатшысы Ержан Өмірәлиев қайғылы жағдайды қабырғасы қайысып қабыл алғандарын жеткізді.
-Көңілі жарқын, сертіне берік,
өмірін шынайы еңбекке арнаған Айдар Жаңбырбайұлының ғұмыры қысқа болды. Бұл қаза – барлығымыз үшін өте ауыр қаза, орны толмас қайғы. Осындай ер азамат тәрбиелеген марқұмның анасына, туған-туыстары менөскен ортасына шексіз алғыс айтамыз. Ұрпағының келешегі жарқын боларына сенемін, — деді өз сөзінде Нұржан Сәбитұлы.
ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ
Аудан әкімі Нұржан Календеров «Меркі-Шу-Бурылбайтал» бағытындағы жолдардың қайта жаңғырту жұмыстарын көріп
қайтты. Ондағы жауапты мамандармен жүздесіп, жұмыстың жүргізілу барысымен танысты. Шу өзенінің үстінен өтетін көпір де жартылай дайын болған. «2022 жылы тапсырылған жолды
толықтай аяқтаймыз дейді»,- мамандар. Аудан әкімі уақытынан кешіктірмей, сапалы жұмысты
орындауды тапсырды.
АУЫЛДЫҚТАРДЫҢ ТІЛЕГІ ЕСКЕРІЛДІ
Аудан басшысы Н.Сәбитұлы шалғайдағы Шоқпар,
Далақайнар ауылдарында болып, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, сақтық шараларын ескеріп, ауылдың барометрі болып
есептелетін қарияларымен бірге ауыл ішін аралады. Шоқпардағы жұртшылықтың басым бөлігі
нәпақасын шойын жолдың бойынан тауып отырғаны белгілі. Одан бөлек, мал шаруашылығы да бар. Ауылға сапары барысында аудан әкімі алдағы жұмыс күндерінде шешімін күткен мәселелердің жобасын әзірлетіп, шешілу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Мұнан кейін аталған ауылға қарасты Құлақшын, Алайғыр, Еспе елді мекендерін де көзбен көрді. Шоқпар ауылдық округінде жол картасы бағдарламасы аясында жыл соңына дейін жалпы 22 көшеге жөндеу жұмыстары
жүргізілмек. Далақайнарлықтар клуб болса құп болар еді деген тілектерін білдірді. Бұл толғанатындай тірлік емес. Тек шамалы уақыт керек. Сәтін салса, бұл шаруаның да түйіні
тарқатылмақ. Мұнан кейін Далақайнар ауылының дәл иегінде Балуан Шолақ, Жиделі деп аталатын елді мекендердің арасындағы салынып жатқан
жолдарды көрді. Жұмыстың 60 пайызы аяқталғанымен, сапасы көңіл көншітерлік болмай тұр. Өз кезегінде аудан әкімі ауыл әкіміне
мердігермен сөйлесіп, жолдың сапасын қолға алуды тапсырды.
АҒЫН СУ КЕЛЕТІН КҮН АЛЫС ЕМЕС
Аудан әкімі «ПУИД-2» жобасы аясында жүргізіліп жатқан каналдарды қайта қалпына келтіру
жұмыстарының қарқынымен танысты. Бүгінгі күнге Дулат, Балуан Шолақ ауылдық округтеріндегі 5 каналға жаңарту жұмыстары жүргізіліп басталған.
Бұл жұмыстарға «ЭрЭН-НТФ» түрік компаниясы жауапты. Жауапты мердігердің жұмыс сапасы жақсы болғанымен өнімділігі баяу көрінеді. Осыған байланысты, аудан басшысы аталған компанияға берілген жұмысты жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Аумағымызға ағын су ертерек жетсе деген азаматтардың тілегі орындалуға жақын қалды. Бұл бағытта жұмыстың жандануы ауыл аймақтарда тұратын тұрғындардың әл-ауқатының артуына тікелей ықпал ететін болады. Бұл өнегелі іс жалғасын тауып, ел мүддесіне орай іске аспақ.
Мәселен, келер жылы Қонаев ауылындағы 5 канал мен Дулат ауылдық округіндегі 2 каналға қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.