Ардагерлер ауыл үшін алаңдауы тиіс

0

Мақаламыздың тақырыбын осылай деп жазуға негіз жоқ емес. Өйткені, халқымызда «Ауылыңызда қарт болса – жазып қойған хатпен тең» деген қағидалы сөз бар. «Көргені жақсы көш бастайды»,- депті халқымыздың біртуар ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Осынау ұлы тұлғанын еңселі ескерткіші тұрған Ақкөл ауылына соққанымызда ойымызға осы сөздер оралды. Тағдыр талайымен екі мәрте аудан әкімшілігінің орталығы болған Ақкөлдің бүгінгі келбеті, болашағы бәріміздің жүрегімізді сыздатады. Өткен жылы осы ауылдың тумалары ауылдың қақ ортасындағы айналмалы алаңға «Бақ құсы» кешенін орнатып, елдің намысын оятты. Ауылдағы Оспанәлі Иманәлиев атындағы мәдениет үйінің маңайына бірер жыл бұрын «Талас- Таза су» мекемесі (басшысы Мұрат Несіпбаев) қарағаштар егіп, оны суғаратын құбырлы құдық қазып берген еді. Қарағаштар қаулап өсіп, ну орманға айнала бастапты. Оған да қуандық. Тұрғындардың тілегі бойынша Ақкөл көлінің бөгеті және өзенінің жағалауы нықталып, қайта жаңғыртыла бастағанына да қуанып қалдық. Ақкөл ауылдық округінің әкімі Абзал Тілеубеков аудан әкімдігінің қолдауымен «Ауыл — ел бесігі» атты бағдарламаға сәйкес Ақкөлдің инфрақұрылымын жақсартудың жобасының жасалынғандығынан хабардар етіп қуантап тастады. Жобалық сметалық құны 550 млн. теңгеге бағаланған бұл жоба жүзеге асса, елді мекендегі 19 көше қайта жөнделіп, көшелер түгелдей дерлік жарықтандырылады. Тағы бір қуанышты жағдай, сәтін салса, Тамды ауылынан Ақкөлге қарай газ құбыры тартылмақ. Қысқасын айтқанда, Ақкөл мемлекеттік қолдауға ие, қараусыз қалмақ емес. Ендігі мәселе елдің бірлігінде, тірлігінде қалып тұр. Осындайда Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың республикалық «Ana tili» газетінде берген сұхбатында айтылғандай, «Біз мемлекет ретінде де, ұлт ретінде де бір орында тоқтап қалмауымыз керек. Ондай жағдайда ел тоқырауға ұшырайды. Оның зардабы мемлекетімізге тиеді. Ауыр тиеді. Ащы да болса айтайын, біз – қазақтар, осынау алмағайып күрделі әлемде, түптеп келгенде, ешкімге соншалықты қажет емеспіз. Өз мемлекетімізге ғана қажетпіз. Осы бір қарапайым қағиданы ешқашан естен шығармауымыз қажет». Ендеше халқымыздың тағдыры тарих таразысында тұрғанда үлкеніміз, кішіміз бар қайтсек елімізді ел, жерімізді жер етеміз деп ақыл-ой талқысына салатын кез келді. Кешегі аштықты, соғысты, өрлеуді, тоқырауды бастарынан өткерген ұрпақтың өкілі ретінде өткенімізден сабақ алып отырмасақ болашағымыздың мәні жоқ екендігін Мемлекет басшысы ашық айтты. Сондықтан, Ақкөл ауылының ардагерлер және билер кеңестерінің өкілдерімен кездескен жиында Ақкөл ауылының бүгінгі ахуалы және болашағы жайлы әңгіме еткен едік. Ауданда кеңінен қолдау тауып отырған Ойық ауылы ардагерлерінің «Ішімдіксіз, бұзақысыз және отбасы берік үлгілі ауылға айналамыз» атты пәтуәсі жөнінде де ақылдасқанды жөн көрдік. Тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл ауылда соңғы жылдары бұзақылықтың ара-тұра белең алатындығынан да хабарымыз барды. Ардагерлерінің ауызбіршіліктерінің жоқтығы да ойға қалдыратын. Осылар жайлы ашық әңгімеге шақырғанымызда Ақкөл ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Досмұрат Туғанбаев бізді біраз мәселелерден хабардар етті. Оның айтуына қарағанда соңғы кездері ардагерлердің араласуымен оң өзгерістер байқалуда екен. Соның арқасында жастарға дұрыс жол көрсету, дұрыс бағыт- бағдар беріле бастапты. Соңғы бір жылда бұзақылық азайып, ұрлық-қарлық тыйыла бастаған. Ауыл ақсақалдары елді кәсіпке үгіттеуге көшкен сыңайлы. Сондай- ақ, елге еңбектері сіңген ардагерлерді құрметтеу жолға қойылыпты. Халықтың салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрыптарын насихаттау үшін түрлі іс-шаралар өткізіліп жатқан көрінеді. Ашық әңгіме барысында ауылдағы мешіттің имамы Сейіткамал Әмірұлының имандылықты қалыптастырудағы атқарылып жатқан игі істері де айтылмай қалған жоқ. — Мешітіміз демеушілердің көмегімен жөндеуден өткізілді. Ал, біз өз кезегімізде халықты иманды істерге тәрбиелеудеміз. Аз жұмыс атқарып жатқанымыз жоқ. Әсіресе, тұрмысы төмен отбасыларына қайырылып көмек көрсетудің сауабының мол екендігін айтып та жүрміз. Соның арқасы болар, биылғы жылы біраз кәсіпкерлеріміз мешітке қаржылай және заттай садақасын берді. Берілген ірілі-ұсақты малдарды қырықпышаққа ілдірмей, ауылдағы күн көрісі ең төмен деген жандарға тірідей етіп үйлестірдік. Және де бұл малдарды көбейтіңіздер деп талап қойдық, — деді, имам өз сөзінде, әрі мешітке жастардың өте аз келетінін де айтып қалды. Ауылдық ардагерлер ұйымы жанындағы билер кеңесінің төрағасы Сәбен Қойшыбай Ойық ауылы жұртшылығының пәтуәсін қолдайтынын айтып қана қоймай, ауылдағы бірлікті, тірлікті жолға қою үшін атқарылатын мәселелер төңірегінде сөз қозғады. Өкінішке орай, деді ол, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беретін кейбір қарияларымыз оларға «қой» деп айтудың орнына қосыла ішімдік ішіп, картасын ойнайды. Тіпті балаларға ілім-білім беретін ұстаздарымыздың арасында да қызара бөртіп жүретіндерді де көріп, қаныңыз қайнайды. Жасыратыны жоқ ұрлық-қарлық бола қалған жағдайда істі сотқа жеткізбей билер кеңесінің араласуымен шешейік деген уәжімізді құқық қорғау саласының өкілдері де құлақтарына іле бермейді. Осының барлығы бізде әлі де болса бірліктің жоқтығын көрсетпейді ме? Енді жаман әдеттерден арылтуды жолға қою үшін ауылда үлкен жиын өткізіп, ішімдік ішкендерді экраннан көрсетсек қайтеді деп отырмыз,- деді ашына сөйлеп. Билер кеңесі төрағасының жанайқайын да түсінуге болады. Оның бұл ойы Мемлекет басшысының «Жаңа заманда, ар, намыс, ұят сияқты адами қасиеттерге қажеттілік бола ма?» деген сауалды сөзімен астасып жатыр. Әрине керек! Ондайда ұлы Абайдың «қара сөздері» еске түседі. Хәкім Абай халқымыздың бұл үш қасиетінен ажырай бастағанына қапалықпен қараған және адам баласын надандықтан, еріншектіктен, залымдықтан сақтандырған. Мұндай кесапаттан адам баласын аман алып шығатын нәрсе – тәрбие, еңбек, білім деген. Ақылдасуға жиналған ақсақалдар осы мәселелердің түйінін бірлесе шешудің жолдарын іздестірді. Құдайға шүкір ауылда «еңбек етемін», «кәсібімді ашамын» дегендерге мүмкіндік жоқ емес бар. Мысалы, Самат Орынбасарұлы осыдан екі жыл бұрын Алматыдағы күреп табыс тауып отырған жұмысын тастап, банктерден 2 млн. теңге қаржылай қайтарымсыз несие алып, есігінің алдына жылыжай соққан. Жиыннан соң жас жігіттің қолға алып жатқан жұмысымен танысып риза болдық. Сонау наурыз айында ақкөлдіктер оның жылыжайынан өсіп шыққан қияр мен қызанақты арзан бағаға сатып алып, ризашылықтарын білдірген. Осы ауылдағы «Бекен» шаруа қожалығының төрағасы, билер кеңесінің мүшесі Нұржаппар Исахметов те 200 гектар суармалы алқапты игеріп, көпжылдық шөп және жүгері егуді қолға алыпты. Кейін өзіміз куә болғандай ауыл тұрғындары аулаларындағы жерлерін де игеріп, кәсіппен шұғылдана бастаған. Яғни, еңбек етсе еріндерінің аққа тиетініне көздері жеткен. Демек, еңбек қана елдің басын біріктіретінін елдегілер түсіне бастаған сыңайлы. Қасым-Жомарт Тоқаев айтпақшы өзбектер: «Саясатқа құмар емес, олар еңбек еткенді құптайды. Бұл ел көшеде ұрандатып шеруге шығып жүрген жоқ. Қайта жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатыр». Ауыл халқының да еңселерін тіктеулері үшін тек еңбектену керек екендігін ақсақалдар да мойындады. Алқалы жиында ауыл кооперативін құру жөнінде де әңгіме болды. Ауылдағы бір-екі ілкімді азаматқа кооперативке ие болыңыздар деп қолқа салған екен, олар көнбепті. Көрінгенге бұйданы ұстата салуға және болмайды. Ақкөлдіктер кезінде кооператив тізгінін ұстаған пысақайлардың тірліктерін де ұмыта қоймапты. Бәрі келісе келе кооператив құрыла қалса, оның тізгінін белгілі кәсіпкер Әсет Ақатаевтың ұстағаны жөн деген ұйғарымға келіпті. Әсет сөзі мен ісі үйлескен азамат көрінеді. Ауылдық округ әкімі кооперативпен қоса 400- ге жуық аула егесінің «қанатқақты» жоба бойынша несие алуға бекініп отырғандығын да жеткізді. Ниеттеріне жетсе Ақкөл ауылының халқы да ұлы көшке ілінетін сияқты көрінді бізге. Ауылдың тағдыры шешілер тұста ардагерлер, кәсіпкерлер, әсіресе жастар ар-намыстарын ту етіп, тығырықтан шығар жолды бірлесе іздеп оң жетістіктерге жетеді, десті ақсақалдар бір ауыздан. Қорыта айтқанда, ауылды өркендету, көркейту – тек қана дана қарты, ел бастайтын көшбасшылары, жалындаған жастары бар ауылда ғана жүзеге аспақ. Үлгілі ауылға айналу – бір ауызды болғанда ғана шынайылылыққа айналмақ. Ақкөлдіктер жақсылыққа қарай бір қадам жасап отыр. Қадамдары оң болсын!

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,

Талас аудандық Билер кеңесінің төрағасы.

Ақкөл ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.