Тәртіпке бағынсақ жеңеміз

0

Көзге көрінбейтін вирус күллі әлемді дүрбелеңге салып қойды. Бүгіндері бұл дертпен әлем күресуде. Жұқпалы аурудың ең бірінші қорқатыны — тәртіп пен тазалық екені белгілі. Дерттің алдын-алу үшін халық болып, қоғам болып күрессек, көптеген елдердегідей қателікке ұрынбасымымыз анық. Мұндайда әрбір тұрғынның азаматтық үні мен белсенділігі жоғары деңгейде болуы қажет. Халқының қамы, елдің амандығы үшін Президентіміз Қасым- Жомарт Тоқаев экономикалық, әлеуметтік тұрғыда көптеген шараларды жүзеге асыруға қатысты нақты шешімдер қабылдап отыр. Мұны күнделікті оқып, көріп, сезіп отырмыз. Ол үшін де халық рахмет айтып келеді. Біз пандемиямен күрестің «алдыңғы шебінде» жүрген дәрігерлер мен медбикелерді, құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлерді қолдауымыз керек. Олардың иығына ауыр жүк түсіп, зор жауапкершілік артылып отыр. Енді біздер оларға көмектесіп, олардың айтқанын орындауымыз керек. Ол үшін үйде отырайық, ағайын. Қытайдағы коронавирус жұқтырғандардың 90 пайызы жазылып шықты деп жатыр. Мұны сол елдегі темірдей тәртіп пен тазалықтың арқасы дейді. Барлық ауыртпалық бізді айналып өткей, біз біргеміз! «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», -деген батыр Бауыржан Момышұлының кешегі осы сөзі бүгін тіпті өзекті. Әрқайсысымыз өз міндетімізді жауапты орындасақ, кеселді де жеңеміз. Алайда, мемлекетке сеніп отырып алмай, өзіміз сақтық шараларын қатаң орындауымыз керек. Карантин кезінде жастар, балалар көше кезіп жүрмегені жөн. Үлкен кісілер де төтенше жағдай талаптарын сақтағаны дұрыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Той алда ғой» -деді. Тойға жетейік.

Мәдібек МЫЛТЫҚБАЕВ, Талас ауданының Құрметті азаматы.

С. Шәкіров ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.