Алдағы күннен үміт көп

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлт газеті «Ana tiline» берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» тақырыбындағы кең көлемді сұхбаты елімізде болып жатқан қазіргі жағдайды жан-жақты қамтыған, кімге де болса ой салар маңызды дүние деп айтар едім. Қасым-Жомарт Кемелұлы бүкіл әлемді алаңдатып отырған коронавирус індеті туралы кеңінен сөз қозғап, бұл тажал әлемдегі адамзаттың бет-бейнесіне, тұрмыс-тіршілігіне айтарлықтай әсер еткенін айта келіп, пандемияға қарсы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында барлық медициналық құрал- жабдықтармен жабдықталған заманауи ауруханалар салынғанынан мағлұмат берді. Иә, қазіргі таңда елімізде вирус жұқтырғандар саны 20 мыңға жуықтады. Сақтық барынша күшейді. Пандемия шекараға қарамайды. Сондықтан да, ел азаматтарының карантин режимін қатаң сақтап, айналасындағыларға жанашыр болғаны абзал. Президент айтқандай, бұл – өтпелі қиындық, уақытша сынақ. Осы дағдарыстан кейін ел экономикасын қалай көтереміз, алдағы күнге қандай жоспар құрамыз деген сауалға жауап іздегеніміз жөн болар. Қасым-Жомарт Тоқаев – бұл мәселе бойынша да нақты пікірін жеткізді. «Бәрімізді әсіресе жастарды әрі қарай қалай өмір сүреміз?»-деген сауал мазалайды. Осындай сәтте біздің көзқарасымыз, болмысымыз осы біз өмір сүріп жатқан жаңа заманның талабына сай болуы керек», — деді Мемлекет басшысы. Қазір аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ. Олай болмаған жағдайда, біз уақыт көшінен артта қалып, халықаралық қоғамдастықтың алдында төменгі сатыда тұруымыз мүмкін. Ал, келешекке қарай дамудың жолын Президент қолмен қойғандай етіп, айқындап берді. Сөз кезегінде Мемлекет басшысы қазақ тілінің жағдайы туралы да ой өрісін үздіктірмейтін көңіл қуантарлық пікірлер айтты. Тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызына тоқтала отырып, ана тілінің мәртебесін көтеру үшін әр азаматтың бойында елі мен жеріне деген сүйіспеншілік, ұлттық намыс пен биік рух керек екендігін түсіндірді. Аталар аманатына адалдық көрсетіп, ұлттық құндылықтарымызды бағалай білуге шақырды. Ұлтымыз мәңгілік болуы үшін ана тіліміздің іргетасын қатайтқанымыз жөн деп білемін. Ол үшін өркениетті қадамдар жасап, білім мен ғылым шыңына ұмтылғанымыз дұрыс шығар.

Әсел КЕНЖЕБАЕВА,

Талас ауданы әкімдігі тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.