Қазақтың асыл қазынасы

0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында мынандай құдіретті сөз бар: «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні — бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана». Осылардың барлығы айналып келгенде, домбырадан нәр алып, домбырамен үндесіп жатқаны белгілі. Абай мен Жамбылдан домбырамен шертілген қоңыр ән қалды, Құрманғазыдан домбырамен толғанған дауылды күй қалды, ал Әуезовтен «Музыка атаулының ең терең сырлысы – күй», деген сөз қалды. Домбыра қазақтың сонау ықылым заманнан бері серік етіп келе жатқан музыкалық аспабы, биік рухы, мұқалмас қасиеті. «Нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра …», деп Қадыр Мырза Әлі ағамыз айтқандай, қазақ үшін домбыра – өмірдің мәні, бойдағы қасиеті. Домбыра — қазақтың жаны, мұңшысы, сырласы, қимасы, айнымайтын серігі, жаңылмайтын сөзі. Қазақ пен домбыра — егіз. Домбырасыз қазақты елестету қиын. Халықтың арманы – мұраты, болмыс – бітімі, тағдыр талайы домбырада күмбірлеп тұр. Кенен ақын: «Домбыраны тастамаймын қайда барсам, жаныма жүре алмаймын байламасам»,- деген еді. Ханға аң аулауға кеткен баласының өлімін домбырамен тартылған күй арқылы жеткізгенде, хан «аһ!» ұрып, жата кеткен, дейді бір аңызда. Осыдан-ақ домбыраның қасиетін біле беріңіз. Қытайдағы он мыңнан астам бауырларымыз домбырамен «Кеңес күйін» тартып, қасиетті домбырамызды Гиннес-рекордтар кітабына енгізгенде қуанбаған қазақ қалмаған шығар. Иә, күй-құдірет, күй- халықтың көңіл толқыны, шері мен шемені, алапат күші мен айбары! Қасиетті аспап, асыл өнер бұрыннан төрімізде еді, енді төбемізге көтеріп отырмыз. Себебі, Елбасы шілденің бірінші жексенбісін «Ұлттық домбыра күні» деп белгілеп, Жарлыққа қол қойды. Бұл – Ұлы Дала елі үшін үлкен қуаныш, тарихи құндылық болды. Бұл ұрпақтың игілігі үшін атқарылған игі іс екені даусыз. 4000 жылдық тарихы бар домбыраны өз тұғырына қондырдық. Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір, Дина, Дәулеткерей, А.Жұбанов, Н.Тілендиев, Ш.Қажығалиев, М. Әубәкіров, Қ. Ахмедияров секілді күйшілерді дәріптеп, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Майлықожа, Ақан сері, Жаяу мұса, Біржан сал секілді ақын-жырау, термешілеріміздің мәртебесін асқақтаттық. Өз шығармаларында домбыра құдіретін жан-жақты көрсетіп, күй өнерін көк жүзіне көтерген І.Жансүгіров, А.Сүлейменов, М.Әуезов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Т.Әлімқұлов, Т.Әсемқұлов секілді ақын- жазушыларымызға бас идік. Ұлы даланы мекендеген Ұлы ұлттың ұрпағына қасиетті домбырамыз мәңгілік серік болсын деп тілейік!

Қалила МОМБЕКОВА,

Тамды ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.