Қазыналы қарияға құрмет бөлек

0

Қай қиырда жүрсең де, бота тірсек балалық шағың өткен мекеннің өзіне тартып тұратын құдіреті болады. Ақкөлдің бұйра толқынын көріп, одан өте кең жазира Тәңірберді даласын кесіп өтіп, Талас өзеніне жеткенімізде көлік тізгіндеп келе жатқан балам Бақытжанға: -Жолаушылық парызымды өтейін,-деп аялдап, Құран бағыштадым. Туған елдің төбесі көрінгенде жүрегім алып-ұшып, анасымен қауышуға асыққан жас баладай күйде болғаным анық еді. Ауыл ортасындағы күмбезі күнмен шағылысқан мешітке жақындағанымызда балама:

— Көлігіңді жеткізбей тоқтат. Мен мешіттің имамы, бауырым Бегдан Жарболовқа сәлем берейін. Енді атақоныс, ет жақын бауырларыңды көресің,-дедім. Содан кеудесін күміс қырау сақалы жапқан, тақиясының шетінен боз қырау самайы көрінген Бегданмен құшақ жая амандастым. Есендік-саулықтан соң көптен көрмеген ауыл имамы әңгімеге тартып, шаруа жайын сұрады.

– Дүйім жұртты пікіріне құлақ асып, көпті өзіне қаратқанды «абыз» ,ал, ауыл-аймаққа абыройы бар жанды «ақсақал», елдік сананы қалыптастыра алмай, жеке бастың күйбелеңімен жүргенді «шал» дейді. Өкініші сол, көшелі қарияларымыз кеміді. Қарияның азайғаны, қазынаның түгесілгені, абыройлы ақсақалдың сирегені адамдықтың алыстағаны. Жасы келгендер немересіндей баламен қарта ойнап, өсек соғады. Құдай бізді бүгінгі күнге жеткізді. Жасымыз да жетпісті алқымдады,-бауырыма ізгі тілегімді білдірдім. Жалпы, ауыл-маңайдың түгеліне есімі таныс Бегдан мектеп қабырғасындағы оқушыларға, жетім-жесірге қолдан келген көмегін аяған емес. Өткен жылы ауыл азаматтарының ұйымдасуымен «Қазақбай» каналын тазартуға, бөгет салуға кеңес берген де осы Бегдан болатын. Былтыр Алматыда тұратын, ауыл тумасы Шәріп Назарханов игі істі бастамас бұрын жөн сұрап ауыл имамымен ақылдасады. Каналды бойлай жүріп, жұмысын есептеп, қажетті техникалар мен құрылыс материалдарын алдырады. Шәріптің әкесін жақсы танимын. Қаратау қаласы аудан орталығына ауысқанда Әуезбек аудандық архитектурадан құжаттарын заңдастырып, жер телімін алған болатын. Сонда Шәріп бозбала еді. Енді міне, бізді байқап, мұсылмандық жолмен амандасып тұр. Салиқалы азамат болыпты. Еңбек демалысын тиімді пайдаланып, туған жеріне игі іс жасамақ. «Ауылына қарап, азаматын таны»- деген осы да. Мен де осы сәтті пайдаланып, көңілде жүрген естелігіммен бөлістім. Бұл оқиғаға да жарты ғасырға жуықтапты.

— Политехникалық институтта оқитын әкемнің інісі демалысқа келді. Бірде шәй үстінде отырғанымызда геодезия пәнінен сауатымызды сұрады. Мен геодезиядан тәжірибелік жұмыстан өткенмін. Ағам телефонмен совхоз директоры Ерман Үдербаевпен сөйлескенін айтты. Ақкөлден гидротехник Қасым Бөрбаевтың совхоз директорының ұсынысы бойынша Жданов совхозына келгенін жеткізді. Жанындағы көмекшісі ауырып жатқан көрінеді. Содан ағам мені ертіп совхоз директорының кабинетіне кірді. Ол жерде еңбек ақымызды келіскен соң, Бөрбаев екеуміз «Қазақбай» каналының басына бардық. Жердің беттік коэфицентін есептедік. Каналдың басынан табанына дейін 7-8 шақырым қашықтықта қанша топырақ алынатынын көрдік. Жасаған жұмысымнан еңбекақы алғаным бар,- дедім шәй үстінде елу жыл бұрынғы жайды еске алып. Қазір ел жаңарды. Алайда, жастардың таным- түсінігі дәстүрге сәйкес. Осыған қуанамын. «Иманы бар ел азбайды, суы бар жер тозбайды»,- деген. Енді міне азаматтардың арқасында арнасын каналдан алған арық суы мешіттің алдынан өтіп көше-көшеге тарап жатыр. Осындай игілікке ауыл имамы Бегданның қосқан үлесі аз емес. Жетілген кісі деп-істі өз пайдасына шешпейтін, қиын шақта тартынып қалмайтын, уәдеге берік адамды айтсақ, бұған Бегдан Жарболов әбден лайық. 47 жыл кеңес заманында және тәуелсіздік таны атқанда табаны таймай ауданның дамуына қал-қадірінше үлес қосты. Түрлі басшылық қызметте жүріп адал еңбек етті. Қазір бейнеттің зейнетін көретін жасқа жетсе де, аяқ созып үйде жатпай, балаларды имандылыққа тәрбиелеуде. Бұдан асқан нендей ізгілік керек.

Шәйділда КӨПБЕРГЕН,

еңбек ардагері.

С.Шәкіров ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.