Рухани жаңғырудың қайнар көзі

0

НҰРЛЫ БОЛАШАҚҚА КӨШ ТҮЗЕГЕН ҚАЗАҚ ЕЛІ СОҢҒЫ УАҚЫТТА РУХАНИ ЖАҢҒЫРУҒА БЕТ БҰРЫП, ТАЛАЙ ТЫҢ ӘРІ ҚҰНДЫ МҰРАЛАР ЖАРЫҚ КӨРДІ. ТАРИХИ- МӘДЕНИ МОЛ МҰРА ХАЛЫҚПЕН ҚАУЫШТЫ.

Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы құр сөреде жатпайтын, құндылықты сақтайтын, болашаққа бастайтын маңызды стратегиялық құжат екенін дәлелдеді. Бүгін сөз болғалы отырған Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы несімен құнды? Оның құндылығы -төл тарихты саралап, барды бағалап, ұлттық құндылықтарды қастер тұтуға үндеуінде. Сол арқылы жас өреннің бойында өзіндік мақтаныш оятады. Әсіресе, бұл қазіргідей алмағайып заманда, жаһандану дәуірінде ұлтты ұйыстыруға қажет. Құжаттың ең басты құндылығы осы болса керек. Ерекшелігі, сонау көне заманнан, яғни көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігінен бүгінге дейінгі заманауи кәсібі түгел топтасқан. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, түсінік берілген. Былайша айтқанда, кеңістік пен уақытты бір мақалаға сыйдырып, шебер әрі ұғынықты жымдастыра білген. Сол шеберлігі арқылы мақала түп-тамырды тануға, ұлттық тарихты ұлықтауға үңіліп, күрмеуі көп түйінді шешуге жол ашады. Іле Алатауы қазіргі замандағы алма түрлерінің түп тамыры, жалпы алма атаулының арғы атасы – Сиверстің жабайы алмасының отаны саналатынын ескерсек, адам Африкада пайда болды деген тұжырымға да күмәнмен қарауға болатын секілді. Дегенмен, менің бұлайша ой жүгіртуім, пікірімді ортаға салуым, мүмкін біржақты көрінер. Қазақ халқының дүниетанымында, ділі мен тілінде жылқыға қатысты өзгеше философиялық және мәдени жүйе қалыптасқан. Соның ізі адам мен жылқының қатар өмір сүре бастаған байырғы заманнан байқалады. Ежелгі дәуірлерде- ақ қазіргі Қазақстан аумағы жылқының қолға үйретілген мекені болғандығын археологиялық қазбалар дәлелдейді. Жылқы мінезді қазақ өмірінің әрбір белесін ұлттық құндылықтармен қатыстыра суреттеуі — түп- тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге ықпалы тиері сөзсіз. «Аң стилі» деп аталатын ерекше үлгідегі бейнелеу формасы б.з.д VIІI ғасырда Еуразия даласын мекендеген тайпалар арасында кең таралды. «Аң стилін» сақтап ою-өрнек сынды қолданбалы өнердің маңызды түрімен бірге дамыта білді. Негізгі өзегі аңдарды, хайуандарды бейнелеу болған өнердің бұл түріне тек қозғалған аңдар таңдалды. Аяқтары бүгулі бұғы, шиыршықтала бүктетілген қабылан, басы бұрулы бүркіт сияқты. Шілікті, Берел қорымынан табылған бірқатар көркем туындылар сөзімізге толық дәлел. Ал «Есік» обасынан табылған «Аң стилінде» шебер жасалған сақ ақинақ-қанжардың жөні бір бөлек. Бабадан балаға жалғасқан бұл өнер жайлы Елбасы өзінің мақаласында ерекше атап көрсеткен. «Егемен Қазақстанның символдарының бірі – жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес. Бұл ретте, аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді», — деп жазды. Аң стиліндегі әр түрлі әшекей заттарды мүрдемен бірге жерлеу бұл өнердің діни салт-жоралғы сипатта болғанын айғақтайды. Аң-құстар, жануардың, түз тағысының бейнесі ерекше мән-мағынаны білдірген. Өнер туындылар ішіндегі бірегей, қайталанбас түрі саналатын бұл стиль ұлан-ғайыр атырап иелерінің жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты элементі ретінде тарихта қалды. Зергерлік өнер ата-бабамыздың мәдениеті мәуелі, өркениеті өрелі екенін айғақтайды, көшпелі һәм отырықшы мәдениетті тоғыстырып, ерекше қолтаңба қалыптастырғанын көрсетеді. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану – адамзат пен табиғат арасындағы тылсым құдіреттің, іштей үндестіктің барын білдірсе керек. Адам ғұмырының табиғат-анамен сабақтас, тағдырлас, тамырлас екенін танытады. Көшпенділердің рухани бағдарын айқындаған бұл зергерлік өнер ата-бабамыздың өндірістік тәжірибесі жоғары болғанына айқын дәлел. «Аң стилі» құбылысы әлемді көнедегі биік белестердің бірі саналады. Қалай десекте, сапалы әрі көркі көзтартар бұл туындылар сақ-скиф тайпаларының алғашқы өнер үлгілеріне жатады. Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында сол бірегей көркем өнерді бейнелеу арқылы өскелең ұрпаққа тарихты танытумен бірге, өзіндік «менін» де оятуды көз- деп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауды діттегені анық.

Кәмшат ҚАРАБАЕВА,

Талас аудандық тарихи-өлкетану музейі директорының міндетін уақытша атқарушы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.