Сақтық шаралары – саулық кепілі

0

COVID-19 індетінің таралуы елімізді алаңдатып отыр. Олай дейтініміз-пандемияны жұқтырғандардың саны артып барады. Өлім- жітім көрсеткіші де жиі тіркеліп жатыр. Коронавирусқа қарсы алдын алу шараларын дер кезінде қолға алғанымызбен, дертке түбегейлі қарсы тұра алмай отырмыз. Халық әлі күнге дейін ауруды сақтық шараларын қатаң ұстану арқылы бірлесе жеңуге болатындығын ескермей жатыр. Дәрігерлерге де ауыр тиетіні- осы. Жуырда республикалық «Ана тілі» газетіне арнайы сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселені тағы бір еске салды. «Бір планетаны мекен еткен соң өзге елдегі дерт бізге келмейді деп бейқам отыра алмаймыз. Пандемия шекараға қарамайды. Сақтансақ қана өзімізді, жақындарымызды аурудан аулақтата аламыз. Сондықтан, ел азаматтарын карантин режимін қатаң сақтап, тазалыққа мұқият болуға шақырамын. Бұл-өтпелі қиындық, уақытша сынақ. Біз осы індеттен кейін қалай дамимыз, не істеуіміз керек деген мәселеге баса мән бергеніміз жөн»,-деді. Осындай сын сәтте әрбір адам өз жауапкершілігін сезіне білуі қажет. Сонда ғана өршіген індетке тосқауыл боламыз. Ең бастысы, гигиеналық талаптарды ұстанып, мамандардың кеңесіне құлақ асу қажет. Айналып келгенде, сақтық шараларын орындау, өзіміз және жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін екендігін ескеруіміз тиіс. Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде»,-деген сөз бар. Әр адам міндетке мұқият болғанда ғана қоғам қалыпты жағдайға оралады. Осыны түсінейік. Қолдан келгенше карантин режимін сақтаңыз. Өзіңізді оқшаулау арқылы індеттен алыс болатыныңызды ойлаңыз. Жасалып жатқан шаралардың барлығы елдің саулығы үшін. Мемлекет басшысының халықты індетке қарсы күреске шақырудағы сөздің түйіні осы.

Мұратқали ОТЫНШИЕВ,

Талас аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.