Тіл – Мәңгілік елдің тұтқасы

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» тақырыбындағы сұхбаты кімді де болса бей-жай қалдырмағаны анық. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл сұхбатында бірқатар проблемалық мәселелерді қозғағанымен, маған ана тілі туралы айтқан көшелі сөздері мен терең ойлары, мағынаны кеңестері үлкен әсер етті. «Тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайлық танытатын болсақ, мемлекетіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін»,- дейді сұхбатта. Иә, тіл мәселесінің астарында үлкен саясат бар. Сондықтан да, бұл тұрғыда алға ұмтылуды асығыстықпен шатастыруға болмайды. Ұлы іс жолында қашанда сабырлық пен ақыл басшы болмақ. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту — бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» — депті сонау тоталитарлық кезеңнің өзінде ақ ноқтаға басы сыймаған қазақтың хас Батыры Бауыржан Момышұлы. Жас ұрпақтың нақты, түсінікті, көркем сөйлеуі ата-ана мен мұғалімге көп байланысты. Мұғалімнің бойындағы қаруы — терең білімі мен ұлттық тіліне сай мағыналы сөйлеуі. Білімді оқушыға тек сөз арқылы жеткізе алады. Сөзден мұқалу – ақыл мен ойдың жетімсіздігі. Тәуелсіз елдің тілі де тәуелсіз болғаны жөн. Ол үшін биік рух керек. Рухы төмен елдің еңсесі пәс болатыны айтпаса да түсінікті. Президент өз сұхбатында: «Біз қазақ тілін дамыту жолында әсіреұлтшылдық пен радикализмге бой алдырмауымыз қажет», — деген ойын баса айтты. Бұл мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру мақсатында өзге тілдер дәрежесін төмендетпеу деген сөз. Бұл орайда алғашында ағылшын тілінен бас тартып, кейін ойлана келе, ағылшын тілін қарым-қатынас тілі ретінде қалдырған Малайзия тәжірибесін мысалға алды. Бұл жерде Мемлекет басшысы бір ғана қазақ тілімен шектеліп қалуға болмайтынын айтып, аталарымыздың «Жеті жұрттың тілін біл»- деген ғибратын еске салып отыр. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сұхбаты келелі ойлар мен мағыналы пікірлерге толы, келешекке бағдар берер бағдаршам деуге болады.

Роза ЕРСЕЙІТОВА,

А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның педагог-психологы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.