Ана тілім – айбыным

0

Ана тілім — ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Демек әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс. Қазіргі таңда туған тіліміздің шұбарланып бара жатқаны жаныма қатты батады Тіпті, мен­сін­беушілікпен қарап, қазақша сөйлеуге ұялатындарды көргенде, белгілі орыс жазушысы К.Г.Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жән­дік» деген сөзі ойыма еріксіз оралады. Ана тілі — ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Ең жақсы адам – ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің бас­қа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Ол – туған жеріңді, еліңді, сүйікті Отаныңды сүйе білу деген сөз. Ақиық ақын М.Мақатаев «Отан» атты өлеңінде:

Мен оның түнін   сүйем, күнін сүйем

Ағынды өзен, асқар     тау, гүлін сүйем.

 Мен оның қасиетті    тілін сүйем 

 Мен оның құдіретті үнін сүйем, – деп Отанды сүюдің, ана тілін сүюдің құдіретті биік сезім екендігін білдіреді.

Біздің ел – көп ұлтты Қазақстан. Қанша ұлттың баласы бір анадан туғандай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазақстанда ұлттар арасында татулық  пен бірлік, ынтымақтастық пен достық орнағаны — бәріміз үшін мақтаныш. Мен әлемдегі ең бай, ең сұлу тілдердің бірі – қазақ тілінің құдіретіне әрдайым сенемін. Тілі­міз — бірлігіміздің тіре­гі, халқымыздың ұлт­тық байлығы. Менің ойымша, егер адам өзге тілді білетін болса, ол рухани бай адам деп ойлаймын. Өйткені, сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, басқа тілді үйрену арқылы танымы  кеңейеді. Сондықтан мен өз за­ман­дастарымды «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қ.Мырзалиев айт­қан­дай, басқа тілді біле отырып, ең алдымен өз ана тілімізді құрметтеуге шақырамын!

Ана тілің біліп қой,

Еркіндігің, теңдігің.

Ана тілің біліп қой,

Мақтанышың, елдігің.

 

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!

Ж.Мырзамбетова,

Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының әдістемелік бөлім басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.