Бақыт еңбекке бас иеді

0

Мұрат Мәдібеков — нәсібін атакәсіптен айырған жан. Оның ісіне деген табандылығы, кісіге деген адалдығы аудан жұртшылығына жақсы таныс. негізі табыс ниетке бітеді ғой.

Соның арқасында болар жасы сексенді алқымдаған ақсақал ауданда алғашқы болып «Тәңірқазған»шаруа қожалығын ашып, түлік басын көбейтіп отыр. Жыл­дың төрт мезігілінде тыным жоқ іске ол тәуекелден бө­лек, үлкен дайындықпен келгенін қариямен әңгі­меле­су барысында білдік. Тегін­де мал-тілін біліп баққан адамға бітеді емес пе? Қарша­дайынан қорадағы түлікті көріп өскен бота тірсек бала­ға, тірлікті игеріп кету қиындық туғыза қоймаса керек.

— Әкем ел ішінде беделі бар, сөзі өтімді адам болатын. Қуғын- сүргін жылдардағы нәубет біздің әулетті де айналып өткен жоқ. Ақыртөбедегі түрмеге қамалған әкемнің 2 ағасы, 1 жездесі сонда қайтыс болды. Балалық шағымызда көрген қиыншылық аз емес. 1958 жылдың қазанында Қызыләуітке келіп, ауылдық кеңестен 1 отар қой алдым. Онда «Баяқ» фермасы болатын. Содан 1960 жылы таңдауымды жасап, шаңырақ көтердім. Отбасында 4 қыз, 4 бала дүниеге келді. 1973 жылға дейін қой бақтым. Былайғы уақыттан жылқыға шықтым,-дейді көргені көп қария. Ауа-райының қабағын баққан малшылықтың машақаты көп. Әсіресе, 1969 жылғы қыстың қаһары шаруаларға оңай соқпаса керек. Сол жылы Сүліктіде отырған Мұрат атаның айтуынша, қолдағы саулық қойдан 400-і аман қалған көрінеді. Мал қырылып, 1 ферма түгелдей қысқартуға ұшырапты. Түлік санын қайта қалпына келтіру үшін Ақтөбе облысынан темір жол арқылы осында қойлар жеткізеді. Ауданға келген 3 отар қойды 2 фермаға бөліп берді.

Өмірдің басты мағынасы, мәні де бойындағы барыңды бере білу, ұрпағыңа өнеге боларлық із қалдыру. Бұл орайда біз әңгіме тақырыбына арқау етіп отырған Мұрат Мәдібеков қолдан келген еңбегін еліне арнап, өзінен өрбіген ұрпаққа бағдар беріп отырған жайы бар.

Ел тәуелсіздігін алып, совхоз тарқаған тұста бағып отырған тайлы-тұяқтыны түгелдей шаруашылық меншігіне өткізіп, есеп айырысады. Өз жұмысына берілген жанға бұйырған береке болса керек, қанша жылғы төккен тер текке кетпейді. Еңбектің өтеуі болар, артылған 187 жылқыны жеке меншігіне қалдырады.

Жер жағдайын танып, әбден түлік жаюға бейімдел­ген Мұрат қария мұнан кейінгі уақытта атакәсіпті жалғастыруды мақсат етеді. 1994 жылы талай тарихты бұғып жатқан Тәңірқазған алқабынан жер алып, ісін бастайды. Шаруа қожалықты «Тәңірқазған» деп атауды ұйғарады. Табыс- бейнетке бітеді. Қазір шаруашылықта төрт түліктің барлығы кездеседі. Ұлдарын ұясына қондырып, ата-дәстүр жолымен еншісін бөліп береді. Бүгінде Мұрат атадан тараған перзенттің барлығы осы кәсіпті айналдырып отыр. Әлі де қимылы ширақ, сөзі түзу қария тірлікте еңбектен қашпаған жан табысқа кенеле алатындығын айтады. Қазіргі жастардың да еңбекқор болғандығын тілейді.

Расымен, дүниенің рахаты-еңбек ете білуде. Қарияның бүгінгі ризығы мен бақыты кешегі бейнеттің жемісі. Біз таныған Мұрат ақсақал қайырымдылық шараларын қалт жіберген емес. Мұқтажға себін тигізуді сауап санаған оның жомарттығын талай жан тебіреніп еске алады.

Заманының заңғар ойшылы әл-Фараби: «Қарны ашып өзегі талғанда, ешкімге қол жаймай керегін тауып ішкен адамды ұлы дер едім»,-деген екен. Қоштасарда Мұрат қарияның қайсарлығы мен тірліктегі табандылығы ұлы ғұламаның осы нақылын еріксіз еске түсірді.

Нарбол Қашаған

Leave A Reply

Your email address will not be published.