Толайым тірлікке тұрғындар риза

0

Дені күрді ұлтының өкілдері құрайтын Қасқабұлақ  ауылының бүгінгі тыныс- тіршілігі кімді де болса тәнті  ептей  қоймайды. Тау етегінде орналасқан елді мекенде  айтуға татитын тірлік көп-ақ.

Мұның барлығы тұрғындардың еңбекқорлығы мен жөн іске жұмыла білетін ұйымшылдығының нәтижесі. Окргуте он жылдың бедерінде бірде бір ерлі-зайыптының некесі бұзылмаған. Көпшілік өзара келісіп,  ішімдік пен темекі саудасына да біржола нүкте қойған. Шағын ауылда 24 көпбалалы отбасы бола тұра олардың ешқайсысы атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірмеген. Бұйырған бейнетке бейімделіп, нәсібін айырған тұрғындардың көңілі тоқ.

Жақында ауыл көшелеріне жөндеу жұмыстары басталды деген жағымды жаңалықты Талас ауданының Құрметті азаматы  Сулхадин Мұстафаевтың аузынан естідік. Игі іске қолдау танытқан аудан әкімдігіне ризашылығын білдірген ол құрылыстың сәтімен жүзеге асқанына риза.

-Өздеріңізге мәлім ауылда асфальт жол бұрын болмаған. Ел тілегін ескерген жергілікті билікке алғысымыз шексіз. Былтыр ауылға кіре беріс жолды асфальттады. Жол азабын тартқан тұрғындарға үлкен қуаныш болды. Биыл да ауыл ішіне жөндеу жұмыстары басталды. Көшенің жолы асфальт төселмеген соң, қатынау көпшілікке қиын. Таудың етегі болған соң белгілі ғой, жол біркелкі тегіс емес,-дейді.

Жалпы, биылға Қасқабұлақ ауылы бойынша үш көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазір Тамды әулие көшесіне 5 183,0 мың теңгеге ал, «Бәйтерек» көшесіне 105 906,0 мың теңгеге  жолдың құрылысы басталды. Жауапты мердігер «Қаратау-Жолдары» ЖШС-гі қыркүйек айында жұмысты толықтай аяқтамақ. Ал, «Астана» көшесі бойынша тиісті қаражат қарастырылып, мердігер мекемемен мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, Тамды әулие көшесіндегі темір бетонды көпірге орташа жөндеу жұмыстарының басталғанын айта кетуіміз керек. Жобаның құны 9 504,0 мың теңге. Нысан күздің алғашқы айында елдің игілігіне берілмек.

Жүргізіліп жатқан құрылыстың басына күніне бір соғып, көңілі марқайып қайтатын ауыл тұрғындарының жауапты сала басшыларына алғыстан басқа айтары жоқ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.