Тәжірибе алмасудың тың тәсілі

0

Меркі ауданында облыстық «Егінжай-2020» көшпелі дала семинары өтті. Кең көлемде ұйымдастырылған дәстүрлі шараға Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов, ауыл шаруашылығына  жауапты сала басшылары және аудандағы  егіншілікпен айналысатын шаруа қожалық  төрағалары қатысты.

Семинар барысында келу­шілер бірқатар агроқұры­лымдардың жұмысымен танысып, ауылшаруашылығы өнімдері мен арнайы техни­калар көрмесін тамашалады.

Ал, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында облыс әкі­мінің орынбасары Берік Нығмашев, Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің тех­ни­калық қамсыздандыру бас­қармасының басшысы Бахыт Ильясов, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов және ғылыми-зерттеу инстутының мамандары баяндама жасап, саладағы өзекті мәселелерге қатысты пікір білдірді.

Семинарды қорытын­ды­лаған Бердібек Сапарбаев аудан әкімдеріне, ауыл шаруа­шылығы басқармасы мен бөлім басшыларына су үнемдейтін технологияларды пайдалана отырып, суармалы жердің көлемін ұлғайтуды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникаларынын санын арттыруды тапсырды.

 -Жерге тер төксең, ол міндетті түрде несібесін береді. Бүгінде облыста 18600 шаруа қожалығы бар. Бастысы, суды үнемдей білуіміз керек. Бұл істі жергілікті әкімдер шаруа қожалықтарымен тілдесіп, жүзеге асыруы тиіс,-деген Бердібек Машбекұлы  аймақтарда жылыжай көлемін арттырып, жоғары өнім беретін тұқымдарды және минералды тыңайтқыштарды пайдалану керектігін ескертті.

Жалпы, шараға қатысу­шылар арасында сын елегінен өткен озық тәжірибелер мен жетістіктерді көзбен көріп қана қоймай, болашақта пайдаға асыру жағына да ниет білдіріп жатқандар аз емес.

-Жыл сайын ұйымдас­тырылатын семинардан қал­ған емеспіз. Әсіресе, шаруа­шылықпен айналысатын аза­маттарға берер пайдасы мол. Саладағы тың тәсілдермен танысады, тәжірибе алма­сады. Біз де өз кезегінде диқандардың нәтижелі істерін назардан тыс қалдырған емеспіз. Шаруаға жаратып, пайдалануға тырысамыз. Биыл Ақкөл ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтың  50 гектарына қызылша, 35 гектарға пияз, 50 гектарға жүргері отырғыздық. Аталған үш дақыл да гибридті яғни қоспалар арқылы алынатын өнім. Минералды тыңайтқыштарды себеміз. Еңбек пен ізденістің нәтижесі болар, өсім жаман емес,-дейді семинарға қатысты пікір білдірген  «Бекен» шаруа қожалығының төрағасы Нұржаппар Исахметов.

Нарбол Қашаған

Leave A Reply

Your email address will not be published.