Ескертпеге «есесі» кеткендер

0

Қаратау іргесіндегі «Жартас» көлі қала тұрғындары мен қонақтардың сүйікті демалыс орынының бірінен саналады. Әсіресе, жаз мезгілінде жағажайды қуалай жайғасқан демалушылар саны күрт көбейеді.

Әрине, мұндай кезде суға түсу қауіпсіздігін барынша сақтау керек. Дегенмен, мұн­дай талаптардың орындала бермейтіні жасырын емес. Өкінішке орай, кейбір кездері оның аяғы қайғылы оқиғаға соқтырып жататыны және жасырын емес.

Биылғы жылы «Жартас»  көлі тиісті талаптарға жауап бермеуі себепті, шомылуға мүлдем тыйым салынып отыр. Сондықтан, мүдделі орган­дар су айдынының жағалау­ларына бірнеше жерден «Шомылуға болмайды! Купа­ние запрещено!» деп тақтай­шаларға екі тілде жазып, ілген.

Бұл ескертпелер былайғы жұртшылыққа ұнамаса керек. Олай дейтініміз, көлдің батыс жағына орнатылған тақ­тайша «түп тамырымен» жұлы­нып жағада, демалушылар қалдырып кеткен қоқыстар мен шөлмектердің арасында жатыр.

Ал, көпшілік биіктіктен терең суға секіруді ұнататын шлюздің үстіне орнатылған ескертпенің «мойнын» қайы­рып әкеліп, белдеу темірге жапсырып тастапты.

Үшінші тақтайшамыздың да жағдайы мәз болмай шықты. Мұнда демалушылар өздерінің мергендіктерін сынаған ба, әйтеуір таспен атқылап, ортасын үңірейтіп тесіп тастапты.

Осылайша ескертпеге «есесі» кеткендер оларды іске алғы­сыз етіп тастаған.

Мұның жалпыға арналғанын, көптің қауіпсіздігі үшін жасалған шара екенін олар ескермесе керек. Өкінішті әрине…

Дүйсен Молдақұлов

Leave A Reply

Your email address will not be published.